Елордада 3 ай бойы вакцина паспортын қолдан жасап сатқан топ ұсталды

17.09.2021 21:28

Күдіктілердің үстінен қылмыстық кодестің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

стоп кадр

Нұр-Сұлтанда вакцинация паспортын қолдан жасап сатқан 38 және 40 жастағы 2 медицина қызметкері мен біреуінің 44 жастағы күйеуі ұсталды. Полицияның хабарлауынша, күдікке ілінгендер соңғы 3 ай бойы ешқандай екпе жасамай-ақ, вакцинация құжатын саудалаумен айналысқан, деп хабарлайды Almaty.tv

Ал, оның ақысын алдын ала алып отырған көрінеді. Назарға ілікпеу үшін, ұсталғандар жалған құжат жасатушыларды тек таныстарының кеңесі бойынша ғана қабылдаған. Күдіктілердің үстінен қылмыстық кодестің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бап санкциясы 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Ал, вакцинация паспортын ақшаға сатып алған адамдардың саны нақтыланып жатыр. 

«Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалды. Медицина қызметкерлері кінәларын мойындап, түсініктеме берді. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарға кез-келген заңсыз әрекеттер жауапкершілікке әкеп соқтыратынын ескертеді», – деді қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегенов.