Қарағанды облысында бюджет қаражатын жымқырған коммуналдық саланың экс-басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Істі болғандар Балқаш қаласының жылу желісін жабдықтауға бөлінген 700 миллион теңгені қалтаға басқан. Лауазымды тұлғалар 70 мыңнан астам халқы бар шаһарды жылумен қамтитын «Балқаш Жылу» серіктестігінде қызмет еткен. Қазына қаржысына қол сұққан олар 2020 мен 2023 жылдар аралығы үшін жылу энергия орталығын жабдықтауға бөлінген қаражатты жеке шоттары мен жалған кәсіпорындарға жіберген. Жымысқы әрекетке барғандардың ендігі тағдыры соттың шешіміне байланысты болмақ.
– Экономикалық тергеу департаменті «Балқаш Жылу» серіктестігі басшылығының бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Анықталғандай, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену және жымқыру, алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізілді. Қылмыстық іс сотқа жіберілген, сот үкімі шығарады, – деді Экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі Зарина Құсманова.
Оқи отырыңыз: Елімізде энергетика саласын қадағалау күшейтіледі