|
30.09.2022 | 16:12
8308

Туған күннен табытпен оралды: Сыныптастарының қолынан қаза болған марқұмның анасы әділдік іздейді

Департамент өкілдерінің айтуынша, тергеу барысында әлі талай өзгеріс болады

Туған күннен табытпен оралды: Сыныптастарының қолынан қаза болған марқұмның анасы әділдік іздейді Almaty.tv

Атырау облысында сыныптастарының қолынан қаза болған 27 жастағы жігіттің анасы әділдік іздейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылының тұрғыны Айгүл Қиықова 13 тамызда ұлын жер қойнына тапсырды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған ана баламның өз сыныптастарының қолынан қаза болғаны қатты қынжылтады деп зар еңіреп отыр. Айтуынша, сол күні ұлы достарымен туған күн кешіне кеткен екен. Тіпті бір шаруаларымен көмектеспек болып таңертең ерте шығыпты. Үйіме ерте қайтамын деген баласын ішімдікке сылқия тойып алған сыныптастары жібергісі келмей, аяусыз соққыға жыққанын айтады.

«Кетіп бара жатқан жерінен Манас сен қайдан шығардың деп, Нұрсұлтанды ұрған сен де жөніңе отырмай, не менің туған күнімде сен көмек сұрайтын кім едің деп сөйтіп төбелескен. Содан, Манас Салықбай  Нұрсұлтанды ұрған, содан кейін Ернарды ұрған. Сосын кетіп бара жатқан менің ұлымның қу желкесінен қатты ауыр затпен ұрған. Не тас, не темір», – деді марқұмның анасы Айгүл Қиықова  

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері сыныптастарын бөлімшеге алып кеткен. Ал ертесі тек бір күдікті қалып, қалғаны бостандыққа жіберіліпті. Тергеуге алынғандардың айтуынша, басынан соққы алған бойда марқұм сол жерде құлаған көрінеді.  Ал сараптама қорытындысы оның бірнеше рет соққы алғанын дәлелдеген.

«Құлақтан соққан, желкесінен соққан, басында соққы көп дейді. Оны құлағаннан кейін тағы соққан сияқты. Сонда бүгінгі таңда шөлмекпен ұрған бала қамауда отыр да, ал бағанағы таспен ұрып өлтірген бала тасын да, темірін де жоқ қылып жіберген. Ол бала бостандықта жүр және соны көрген 4 бала да бостандықта жүр», – деді марқұмның анасы.

Аудандағы тергеушілерге сенбей, облыстық полиция департаментіне барып істің толықтай ашылуын талап еткен ана «жазықсыздар қамалып, қылмыс жасағандар жауапкершіліктен жалтарып кетпесе екен» дейді. Ол сол туған күн кешінде болғандардың барлығының толық тергеуге ілігуін сұрайды. Ал департамент өкілдерінің айтуынша, тергеу барысында әлі талай өзгеріс болып, жазаға тартылатындар саны артуы мүмкін.

«ҚК 106-бабы, 3-бөлігі, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізіліп жатыр. 1995 жылы туылған күдікті қазір қамауда. Тиісті сараптамалар  тағайындалды. Өзге ақпартты қазір Қылмыстық процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес, тарата алмаймыз. Күдіктілердің саны немесе өзге де қылмысқа қатысты ақпарттар тергеу барысында өзгеруі мүмкін», – деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Мектеп бітіргендеріне талай жыл өтсе де, сыныптастардың бір-біріне бұлай өшігіп, жағдайды кісі өліміне дейін жеткізуіне не мәжбүр еткені әлі белгісіз. Белгілісі, бірге өскен құрдастар арасындағы жанжал көпшіліктің жағасын ұстатты. Ал марқұмның анасы әділдік орнамаса, Жоғарғы сотқа дейін арыздануға бекініп отыр.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир