Алматы облысының аумағында “Мал ұрлығы” жедел-алдын алу іс–шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицейлер осындай нәтижелерге облыс аумағында өткізіліп жатқан “Мал ұрлығы” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қол жеткізді.
«Арнайы шараның алғашқы күні-ақ бұған дейін жасалған 15 қылмыс ашылды. Тоғыз бас мал заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде үш жылқы, екі сиыр, төрт ұсақ мал бар. Мал ұрлығын жасады деген күдікпен 14 адам ұсталды. Кербұлақ ауданы аумағында әрекет еткен бір қылмыстық топтың жымысқы әрекеттері әшкереленді. “Мал ұрлаушы” санаты бойынша төрт азамат профилактикалық есепке қойылды. Біз 57 базарды, сондай-ақ ет павильондарын, мал мен ет өнімдерін сататын басқа да орындарды тексердік, 187 шаруа қожалығында, бұдан басқа жайылымдарда, фермаларда және т.б. жерлерде тиісті жұмыстар жүргіздік. Сонымен қатар тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаудың 11 дерегі анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша заңда көзделген әкімшілік жауапкершілік шараларын қабылдау үшін материалдар толтырылып, ветеринариялық қызметтерге жіберілді», – деді алдын алу іс-шарасының бір күнінің нәтижесімен бөліскен Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.