Қатты соққыдан кейін өлім аузында жатқан адам көмек сұрай алмайды - медициналық сарапшы

10.04.2024 01:21

Марқұмның бас сүйегіне кемінде 12-13 соққы тиген

Almaty.tv

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Экс-министрдің бұған дейін айтқанын бүгінгі тыңдалымда сарапшы жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Экс-министрдің бұған дейін айтқанын бүгінгі тыңдалымда сарапшы жоққа шығарды.

Тахир Халимназаров адам өз бетімен құлағанда ондай жарақат алмайтынын жеткізді. Мұнан соң ол Салтанат Нүкенованың қалай қайтыс болғанын өзінше баяндап берді. Оның айтуынша, ажал құшқан қыздың бас сүйегіне кемінде 12-13 рет соққы тиген. Ауыр зақымдардан соң, адам сол жерде тіл тартпай кетуі мүмкін екенін алға тартты. Сараптама маманы марқұмның бетіндегі жарақаттарды манекенге салып көрсетті.

– Өздеріңіз байқасаңыздар, бетінде бірнеше соққы болған. Жарақатының сипатын ескерсек, Салтанат Нүкенованы медициналық көмек көрсеткеннің  өзінде құтқару мүмкіндігі екіталай еді. Тап осы жағдайда марқұмның мишық, ми өзегі, қатты және жұмсақ ми қабығының астында қан кету сияқты күрделі кешен бар. Бұл жерде құтқару мүмкіндігі өте аз екенін айтқым келеді, – деді сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров.

Сарапшы Салтанаттың жарақаты аса ауыр болғанын алға тартты. Мұндай соққыдан кейін өлім аузында жатқан адам көмек сұрай алмайтынын айтты. Мұнымен қоса, Нүкенова соңғы сағаттарында ұйқыға кетіп, қорылдап емес, тыныс ала алмай қиналуы мүмкін екенін жеткізді. 

Мұнан соң марқұмның жақын құрбысы болған Аида Ахмединадан жауап алынды. Оның айтуынша, Салтанат Қуандықтан кетуге оқталған. Алайда оны күйеуі күшпен ұстаған көрінеді.

– Бір күні Салтанаттың хабарламаларынан ояндым. Ол «Маған адвокат керек, мен бәріне дайын болуым керек. Ол мені ұрып-соқты, суреттерді Айтымға жібердім» деді. Одан кейін Қуандық «Отбасыңда мен сені ұрып-соққанымды дәлелдейтін суреттер бар, кейін маған қоқан-лоқы жасайсыңдар, мен сені жібермеймін» деген. Кепіл ретінде  жалаңаш күйде видеоға түсуін талап еткен.  Салтанаттан «Сен оның айтқанын орындадың ба?» деп сұрағанымда, ол «Иә, істедім, басқа амалым болмады» деп жауап берді, – деді С. Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина.

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: сот отырысына Салтанаттың өлімін тіркеген дәрігер қатысты