Қуандық Бишімбаевқа қатысты шулы іс шиеленісе түсті. Сұралымның екінші аптасында да экс-министр өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ал сот залына келген марқұмның әпкесі екі жұптың ара-қатынасын басқаша баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түс ауа сот залында куәгерлер тыңдалды. Алдымен Нүкенованың әпкесінен жауап алынды. Оның сөзінше, олардың арасы Салтанат тұрмыс құрған соң алшақтай бастаған. Ол «Қуандықты о баста көрсеткенде-ақ бірден қарсы болдым» деді. Марқұмның өмірі күйеуге шыққан соң мүлде өзгерген көрінеді. Тіпті қарыз сұрауы да жиілепті.
– Салтанаттың қарыз сұрайтын әдеті жоқ еді. Тұрмысқа шықпай тұрып, ол шамамен 3 млн теңгедей табыс табатын. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін 50-100 мыңдай ақша сұрай бастады. Менімен мүлде араласпай кетті. Мен оған хат жазсам, «Айнұр, Қуандық көріп қоймасын, жазбашы» деп жауап жазатын, – деді С. Нүкенованың әпкесі Айнұр Нүкенова.
Сұрақ-жауап алаңына Салтанаттың өлімін тіркеген дәрігер келді. Көшпелі бригада маманы өздеріне шақырту кешкі сағат 20-00-де түскенін айтты. Араға 8 минут салып мейрамханаға жетіп барған. Бара сала марқұмды аман алып қалуға тырысқанымен, бәрі кеш болған көрінеді.
– Бізді бірден VIP залына алып келді. Кірсек, жалаңаш әйел диван үстінде жатыр, оның үстін көрпемен жауып қойған. Бірден көмек көрсетуге кірістік. Еденге жатқызып, реанимация әрекетін жасай бастадық. Көмекшімнен аппаратураны мониторға қосуын сұрадым. Осы кезде науқас ес-түссіз жатты. Тамыр соғысы байқалмады. Денесі суып кеткен. Жүрегі соқпай тұрды, – деді жедел жәрдем қызметкері Нұрлан Мұхамбеденов.
Бүгінгі отырыста Бишімбаевтың жеке қойын дәптеріне жазылған әйелінің қолхаты оқылды. Жазбада бұған дейін Салтанаттың берген сертті сөзі айтылған көрінеді. Оны алқабилер мен судьяға экс-шенеуніктің адвокаты оқып берді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында қызметін асыра пайдаланған полицейлер сотталды