Қарағандылық азамат көршісінің банк карточкасын ұрлап, 1 млн теңгеден астам ақшалай қаражатын шешіп алған, деп хабарлайды Polisia.kz.
10 желтоқсанда Шахтинск қаласының полиция бөліміне 57 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің оның банк карточкасын ұрлап кеткені және одан 1 млн 380 мың теңгесін заңсыз шешіп алғаны туралы шағымданды. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында криминалық полиция қызметкерлері 29 жастағы күдіктіні ұстады.
Күдіктінің жәбірленушімен бір подъезде тұратыны анықталды. Көршісі үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде біраз уақытқа сыртқы есігін ашық қалдырған, осы сәтті ұтымды пайдаланған ұры оның банк карточкасын қолды қылған. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) бойынша қозғалды. Тергеу жүргізілуде.