БҚО тұрғыны төрт жастағы өгей ұлын бірнеше сағат бойы сарайда қамап ұстаған, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлім еткендей, оқиға Қазталов ауданы Бостандық ауылында болған.
1991 жылғы тұрғын төрт жасар өгей ұлын сағат 08.00-11.10 аралығында сарайға қамап қойған.
Қазіргі кезде Қазталов ауданы полиция бөлімі ҚР ҚК 126-бабы 2-бөлігіне (бас бостандығынан заңсыз айыру) сәйкес тергеу амалдарын жүргізуде.
«Аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Жангерееваның нақтылауынша, баланы анасының азаматтық некедегі жұбайы аяқ-қолын байлап, сарайға қамап қойған. Бұл туралы баланың анасы балабақшаға барып айтқан. Балабақша тәрбиешілері баланы байлаулы күйінде тауып, учаскелік полицияға хабар берген. Содан кейін учаскелік полиция қызметкері отбасыны аудандық полиция бөліміне жеткізді», - делінген хабарламада.
Баланың анасы 1997 жылы туған, жұмыссыз, ақыл-есінің толық дамымағаны байқалады, мектепте түзету сыныбында оқыған.
Өгей әкесі де жұмыссыз, ақыл ойында кемістігі бар, невропатолог дәрігердің есебінде тұрады. Бұған дейін отбасы баланың өгей әкесінің ата-анасының үйінде тұрып келген. Алайда келіспеушілікке байланысты сол ауылдағы аға-жеңгесіне кетіп қалған.
Отбасымен әңгіме барысында баланы байлап қоюға өгей әкесінің жеңгесі мәжбүрледі деген түсініктеме берілді.
«Қазіргі кезде баланың жағдайы жақсы болғанымен, ауруханада жатыр. Балаға жаңа киім-кешек, тамақ және ойыншық алып берілді. Ол 17 маусым күні ауруханадан шығады. Содан кейін баланы орналастыру мәселесі шешіледі», - деді С.Жангереева.