200 мың теңгеден 280 млн-ға дейін: Қаржы пирамидасына алданған алматылықтар ресми орган өкілдерімен кездесті

24.12.2020 21:48

Пайыздық үстемелерді уәде етіп, тұтынушыларын шаң қаптырған QI Trade-Kazakhstan компаниясына қатысты дау әлі де басылар емес

Almaty.tv

Қаржылық компанияға қыруар қаражат салып, сан соғып қалған алматылықтар ресми орган өкілдерімен кездесу өткізді. Пайыздық үстемелерді уәде етіп, тұтынушыларын шаң қаптырған QI Trade-Kazakhstan компаниясына қатысты дау әлі де басылар емес. Бүгін ресми өкілдер салымшылармен жүздесіп, олардың сұрақтары мен талаптарына жауап берді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас тарқатсын.

Аты шуға айналған QI Trade-Kazakhstan компаниясы нарықта 3 жыл бойы жұмыс істеп келген. Бүгінге дейін еліміздің барлық қаласынан кеңсе ашып үлгерген қаржылық ұйымға 4 мыңға жуық салымшы ақша салған. Жиналған соманы жымқырды деп айыпталған компания басшысы Нұрлан Сағынбаев қазір шет елде. Ол қаржысын қайтаруды талап еткен көпшілікке осылай деп видео жолдапты.

«Техникалық артықшылықтарды интернеттен алдым. Оңай жолмен ақша табу үшін адамдар таныстарын шақырды, ақша салды. Пайда табуды ойлағандардың бәрі менің сөзіме сенді. Сондықтан,мұның бәріне өздерің кінәлісіңдер!» – деді QI-TRADE Kazakhstan компаниясының басшысы Нұрлан Сағынбаев.

Бастапқы сомаға ай сайын 3-5 пайыз аралығында өсімді уәде еткен компания желтоқсан айында өз жұмысын тоқтатқан. Көпшілікпен кездесу өткізген ресми орган өкілдері аталған іс бойынша 9 күн бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз дейді.  

«Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің  190-бабы, 3-бөлімі бойынша тіркелген. Істің мән-жайын анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту үшін қажетті тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Қылмыстық іс тіркелгеннен 2 күн өткен соң сот шешімі бойынша Нұрлан Сағынбаевты іздеуге шешім шығарылды. Заң бойынша 10 күн күтуіміз керек, содан кейін ғана халықаралық деңгейде іздеу шараларын бастаймыз. Қазір күдікті Қырғызстанда деген болжам бар», – деді Медеу ауданының прокуроры Асхат Жақыпов.

QI Trade компаниясына бір ғана Алматы қаласының өзінен 900-ге жуық салымшы алданыпты. Олар келісім барысында мемлекеттік лицензияның болғанын, барлық іс заңды құжаттармен бекітілгенін айтып отыр. Аталған ұйым бірқатар салымшыларға дивидент төлегендіктен, компанияның ресми екеніне сенгенбіз дейді жиналғандар.

«Пәтер алдым. «Ала беріңіз, жартысын төлеп бересіз, бізден пайыз аласыз, сонымен жабасыз» сендірді. Сендік адам болғаннан кейін. Себебі мемлекеттік лицензиясын көріп тұрмыз. Мемлекетте жұмыс істеуге рұқсат берілген және Медеу ауданда, тура солардың жанында қызметтерін атқарып, істерін жүзеге асырып отырған себепті сендік», – деді зардап шегуші Фариза Рақышева.

Алайда салынған қаражатқа үстемеақы алып, пайда көргендер де болған. Бірақ бұл уақытша сенімге кірудің ғана жолы болған. Жәбірленушілердің айтуынша, аяғы 200 мың теңгеден 280 миллионға дейін ақша салып, сан соғып қалғандар бар көрінеді.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы