Прокурорлардың өтініш хатымен 676 адам қамаудан босатылды

18.01.2022 22:32

Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты 8354 әкімшілік істі қараған

Almaty.tv

Елдің бас прокуратурасы қаңтар оқиғасы кезінде 8354 әкімшілік істі қараған. Оның ішінде 3337 құқық бұзушыға қамаққа алу немесе айыппұл түріндегі жаза қолданылмай, тек ескерту жасалған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңынан тиісті ведомство өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгінгі таңда соттар мен прокурорлар кінәлі адамдардың ісін жеңілдету жұмысын бастады» дейді бас прокурордың аға көмекшісі.

Оның айтуынша, қазір ел бойынша 1002 адам қамауда, тағы 1653 іс бойынша айыппұл тағайындалған. Ал прокурорлардың өтініш хаттарына сүйене отырып, 676 адам қамаудан босатылса, 344 азаматтың айыппұлы ескерту формасына ауысып отыр.  

«Прокурорлардың жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге ауыстыруға бағытталған 738 өтініш хаттары қаралу үстінде. Одан бөлек, тағы 358 әкімшілік іс материалдары сотқа жіберілмей, тоқтатылды. Осы деректерден көрініп тұрғандай, сотпен әкімшілік қамаққа жіберілгендердің көбісі босатылды. Қалған істер бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин.