Прокурормен сөйлескен: Ақтауда полицейлер жазаланды

Прокурормен сөйлескен: Ақтауда  полицейлер жазаланды
Облыстық Полиция департаменті қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеуді бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында желіде жарияланған жазбадан соң полиция қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шара қолданылды, деп хабарлайды Almaty.tv Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаменті қазіргі таңда осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

Маңғыстау полициясының басшысы облыстық Полиция департаментінің бөлім басшыларына қатысты қатаң шара қабылдады. Оған желіде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасындағы әңгіме жазбасының жариялануы себеп болды.

«Қызметтік тексеріс барысында Маңғыстау облысы Полиция департаменті басшысының бұйрығымен бірқатар қызметкерлерге қатысты тәртіптік шара қолданылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеріс барысында желіде жарияланған аудиожазбаның әрбір қатысушысына құқықтық баға беріледі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, облыстық прокуратура ҚР ІІМ Ішкі қауіпсіздік департаменті өз өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері пара берді деген деректі растау немесе оны жоққа шығару мүмкін емес. Себебі, бұл деректер тексеріліп, тергеу барысында нақтыланады», - делінген Маңғыстау прокуратурасы таратқан хабарламада.

Прокуратура оқиғаның мән-жайын тексеру қашан аяқталатынын хабарлаған жоқ. 

Облыстық Полиция департаменті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 192-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу 2 айдан 12 айға дейін созылуы мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, полиция қызметкері мен прокурор арасындағы әңгіме болуы мүмкін деген аудиожазба Ербол Еділовтың Telegram каналында жарияланған болатын. 

Новости партнеров