Қызылорда облысында қызметін асыра пайдаланған полицейлер сотталды

Сгенерировано ИИ
Сгенерировано ИИ

Аймақта адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық ашылғалы 174 арыз түскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Адам азаптау дерегі азаймай тұр. Қылмысқа баратындардың көбі – өзге емес, дәл сол адам құқығын қорғаушылардың өзі. Қызылорда облысында қызметін асыра пайдаланып, қол астындағыға қорлық көрсеткен 10-ға жуық полицей темір торға қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірде осылай қызметін асыра пайдаланып, адам баласына азап көрсетуден алдына жан салмаған 9 дерек анықталған. Мұның төртеуі – былтыр облыста, ал қалған бесеуі – биыл бірінші тоқсанда мәлім болған. Ал аталған дерек бойынша тергеу жүргізген прокурорлар азаптаудың алдын алу шараларының өз деңгейінде атқарылмайтынын айтты.

– Қызылорда облысы бойынша 9 полиция қызметкері азаптау фактісімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс тергеуде. Бұл - өте маңызды, өзекті проблема. Азаптау фактісі болса, олардың бірінші басшысын орнынан босату туралы мәселесі көтеріледі, – деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Адам азаптау деректері тек құқық қорғау органдарында кездесіп отырған жоқ. Қазалыдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында азаматтың қадір-қасиетін қорлаған. Түрлі жағдайда көмекке мұқтаж боп келетіндерге қол ұшын созудың орнына, мекеме мамандары қатыгез әрекетке барған.

– Қазалы арнаулы мемлекеттік қызмет көрсету орталығында қызмет алушыны жазалау фактісі анықталды. Орталықты аралау барысында өкіл ешқандай заңнамаларда көзделмеген темір тор шыбықтармен дәнекерленген камераның тор түріндегі қараңғы бөлмесінде адамгершілікке жатпайтын әрекетке барған. Яғни, тас еденде Ж. есімді қызмет алушы қамауда отырған, – деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың облыс бойынша өкілдігінің бас маманы Кәмшат Мәдиева.

Бұған дейін өңірдегі Полиция департаменті «тергеу кабинеттері толығымен бейнебақылау камерасымен қамтылып, «соқыр аймақтар» жойылды» деген ақпар таратқан. Алайда бір ғана Байқоңыр қаласының өзінде көзден таса 32 орынның бар екені анықталған. Ал облыстық департаменттің бастығы қол астында қылмысын жасырған мұндай қитұрқылықтың кездескенін растады.

– Қазір тексеру жүріп жатыр. Кабинетте, дәлізде тұрған бейнемкамераларды түрлі әдіспен жауып қояды. Ондай фактілер бойынша камераға түскен қызметкерлер ішкі істер органдарынан шығарылды, – деді Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.

Айта кетейік, аймақта адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық ашылғалы 174 арыз түскен. Оның 56-сы қанағаттандырылды. Өкініштісі қылмыстық атқару жүйесіне қатысты мекемелерде заңмен тыйым салынған құжатты тексеру де тыйылмай тұр. Облыстық адвокаттар алқасы мұның да өз кезегінде маңызды мәселе екенін алға тартты.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Жұмбақ өлім: Жетісу облысындағы жатақхананың бірінде студент көз жұмды

Новости партнеров