Ақши ауылының екі тұрғыны уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды
Алматы облысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен барымташыларды бір сағат ішінде ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
8 маусым сағат 16.50 шамасында Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне Түрген ауылының 55 жастағы тұрғыны сегіз айлық екі сиырының ұрланғанын айтып арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы (мал ұрлығы) бойынша тіркелді.
«Біз күдіктілердің ықтимал жолдарын тексеріп, бейнебақылау камералары арқылы «Nissan» автокөлігін, содан кейін Ақши ауылының 32 және 36 жастағы тұрғындарын анықтадық. Үйіне келген көлік иесінің сарайынан ұрланған сиырлар табылды. Ұсталған азаматтар өз іс-әрекеттерін толық мойындады. Бір сағат ішінде қолды болған мал заңды иесіне қайтарылды», – деп хабарлайды Еңбекшіқазақ АПБ бастығы Талғат Сеилханов.
Мал иесі тәртіп сақшыларына жеделдігі үшін шексіз алғысын білдірді.
«Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды және олардың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдіктілер ұрлаған малдарын тасыған көлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды», – деп толықтырды Сеилханов.