Алматылық полицейлер таныс адамынан ақша бопсалаған қылмыстық топты ұстады

07.12.2023 21:58

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды

Сурет: polisia.kz

Алматылық полицейлер таныс адамынан ақша бопсалаған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Алматы қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілердің жәбірленушіден сұраған 1 миллионның 650 мың теңгесін алып жатқан кезде ұстады. Күдіктілер осыдан біраз уақыт бұрын заңсыз алып кеткен көлікті қайтарып беру үшін таныс адамнан ақша бопсалаған. Арнайы іс-шара нәтижесінде бес ер адам ұсталды, олардың үлкені 35-те, кішісі 27-де. 

Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек ҚР ҚК 389 бабы (Өзiнше билiк ету) бойынша тергеліп жатыр. Ұсталғандардың екеуі бұрын ҚР ҚК 96-бабы (Кісі өлтіру) және ҚР ҚК 287 бабы (Браконьерлік) бойынша сотты болған. Бұл жолы ұсталған кезде күдіктілерден өсімдік тектес ұнтақты зат және травматикалық тапанша тәркіленді. Көрсетілген заттар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті