Кісі өліміне қатысты күдікті павлодарлық 15 жыл бойы Ресейде жасырынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодарлық жедел уәкілдер Ресей Федерациясы ІІМ-нің Алтай өлкесі Барнаул қаласындағы әріптестерімен өзара іс-қимыл шараларын өткізу барысында кісі өліміне қатысты іздеуде болған күдіктіні ұстады.
40 жастағы күдікті 2007 жылдың ақпан айында Павлодар қаласының Исиналиев көшесіндегі түнгі клубтың бірінің жанында ер адамды атып өлтіргені анықталған. Ол қылмысы үшін жазалануы керек екенін біліп, елден қашып кеткен. Осы уақытқа дейін тәртіп сақшылары күдіктіні іздеуді тоқтатқан жоқ.
«Осы жылдар ішінде Ресей Федерациясындағы қылмыскер өзінің аты-жөнін өзгерткен. Бірақ мұндай шаралардың өзі оның жазадан құтылуына мүмкіндік бермеді. Қазіргі уақытта ұсталған азамат Барнаул қаласы бойынша Ресей ІІМ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Экстрадициялау туралы мәселе шешілуде», – дейді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.