Ағымдағы жылдың 6 айында елімізде адам саудасына қатысты 69 қылмыстық іс қозғалған. Ал, былтыр 180 жағдай тіркелген. Бұл туралы «Корғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, көп кезекте құжатсыз жүрген мигранттар мен кәмілетке толмаған жасөспірімдер еңбек және сексуалдық құлдықтың құрбаны болады. Тіпті, бауыр еті баласын сататын жағдайлар жиі ұшырасады.
«Ер адам елордаға келген қызды алдап, жезөкшелікке тартқан. Бойжеткен жүкті болып қалғанда, баласын сатпақшы болып, интернетпен жарнама берген. Тағы бір жағдайда үш баласы бар Өзбекстан азаматшасын оның азаматтық некедегі жары төртінші баланы Тойота камри көлігіне ауыстыруға көндірген. Нотариалдық сенімхат рәсімдеу барысында тәртіп сақшыларымен ұсталды. Әйел адам да ер адам да сотталды. Өкінішке қарай, барлық балалары жетімдер үйіне өткізілді», – деді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль.
Анна Рыльдің сөзінше, қазір кәмелет жасқа толмағандарды сексуалдық құлдыққа тарту фактілері жиілеп кеткен. Алайда, заңның олқы тұсы да, 18-ге толмаған жасөспірім мұндай жұмысқа келісімін берсе, қылмыс саналмайтыны қынжылтады дейді. Көп жағдайда кінәлілер қылмыстық жауапкершіліктен қашып құтылып жатады. Оның үстіне жеңгетайлықпен айналысатындар заңды айналып кетудің амалдарын үйреніп алғанын алға тартады.
«Қылмыскерлер полиция әрекетінің алгоритмін зерттеп, біліп алды. Тәртіп сақшыларының қандай негізгі айғақтарға мән беретінін түсінді. Қазір олар интернет арқылы жұмыс істейді. Ақшаны өздері алмайды. Құлдарының денесінде ешқандай із қалдырмауға тырысады. Қылмыстық бизнес осылайша бейімделіп келеді», – деді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль.