27 жастағы азамат зиянды затты жалдамалы пәтерінде дайындап келген
Атырауда құны 20 миллион теңгеден асатын синтетикалық есірткі дайындаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәртіп сақшылары 27 жастағы азаматтың зиянды затты жалдамалы пәтерінде дайындап келгенін анықтаған. Тінту кезінде есірткі сатуға арналған түрлі құралдар мен құрылғылар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, 300 грамды құрайтын «Альфа PVP» синтетикалық есірткі заты табылған.
Жалпы, жыл басынан бері Атырау облысында есірткі сатумен айналысу фактісі бойынша 14 адам ұсталған. Оның біреуі – Өзбекстан азаматы.
«Оның сол пәтерінен 300 грамды құрайтын 1500 доза болатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.