Қызылорда облысында 2 жасөспірім қамауға алынды. Олар тоғызыншы сынып оқушысының өліміне күдікті ретінде ұсталып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайғылы оқиға 18 мамырда Шиелі ауданына қарасты Шеген Қодаманов ауылында болған. «Үлкеннің кішіге күш көрсетуі кездейсоқ жағдай емес» дейді ауыл тұрғындары. Сол күні жоғары сыныптағылар өзінен кейінгілерге әлімжеттік көрсетіп, соққыға жыққан. Соның салдарынан 9-сынып оқушысы Ерасыл Төребай ес жимастан ажал құшқан. Жалғыз ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы «бұл қасақана жасалған» деп ашынады.
– Балаларды қатарынан тұрғызып қойып ұрған. Менің балам «ұрмаңдаршы, менің денсаулығым жоқ» деген. Соны естіп, біліп тұрып, әдейі, қасақана өлтіріп тұр. Баламды өлтіргендер әділ жазасын алсын, ең қатаң жаза тағайындалсын, – деді марқұм Е. Төребайдың анасы Сәуле Жақсылықова.
Бұл – Қызылорда облысында биыл тіркелген үшінші өлім дерегі. Үшеуінде де қайғылы жағдайдың басты себебі – мектеп оқушыларының төбелесі. Қазір жоғарыда аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
– Күдікті ретінде 2 кәмелетке толмаған бала ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттар жарияланбайды. Қылмыстық іс Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының тікелей бақылауына алынды, – деді Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев.
Оқи отырыңыз: Адам саудасы: Мәжіліс заң жобасын қабылданды