Адам саудасы: Мәжіліс заң жобасын қабылдады

elements.envato.com
elements.envato.com
Марат Қожаевтың айтуынша, құжат адам саудасымен кешенді күресуге бағытталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде 3 нәресте саудаланбақ болған. Сәбилер 100 мың теңге мен 2 миллион теңге аралығында бағаланған. Мұндай сандарды ІІМ таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құлдыққа түсіп, өзге елге еркінен тыс жер аударылып, жұмысқа жегілген жандардың құқығын қорғайтын заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Депутат Марат Башимовтың айтуынша, құжатқа мәжілісмендер 100-ге жуық түзету енгізген. Енді құлдықта жүрген адам анықталса, бірден Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек министрліктері секілді құзырлы органдар бірігіп жұмыс істейді. Яғни жәбірленуші толыққанды қорғауға алынады.

– Оларға 30 күн ешкім тисе алмайды, мәжбүрлеуге болмайды. Ол кісілер демалып алуы керек. Есін жиып алғаннан кейін сұрақтарға жауап береді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев былтыр Бахрейнде 17 қазақстандық қыз сексуалдық құлдықта болғанын айтты. Полицейлер аталған елге сұрау салып, отандастарымызды туған жеріне қайтарыпты. Былтыр адам саудасы бойынша 93 іс тіркелген. Бүгін қабылданған заң жобасында сексуалдық қызметтерді интернет арқылы ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Марат Қожаевтың айтуынша, бұл адам саудасымен кешенді күресуге бағытталған.

– Бұл заң адам саудасына қарсы күресте құзырлы органдардың нақты қадамын айқындайды. Аталған мәселенің салдарымен емес, оның алдын алуға септеседі. Бұл құжат жәбірленушіге әлеуметтік жағынан толық көмек беруге бағытталған. Мәжілісте заң жобасы қабылданды. Енді ол Сенатқа жіберіледі, – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Заң жобасы жаңа туған сәбиді сату фактілеріне де тоқтау салады. Перзентханада безбүйрек ана баласын жасырын түрде оңай саудалап келген. Себебі нәрестеде жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған. Енді бала туа салысымен оған ат қойылмаса да, жеке сәйкестендіру нөмірі беріліп, ақпараттық жүйеге енеді.

Айтпақшы, құжатта ілеспе заң ретінде вандализм бойынша да норма бар. Бұдан былай бөтеннің мүлкін бұзғандар 50 тәулікке қамалады немесе 740 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Павлодарда нәрестесін аштан өлтірген әйел сотталды

Новости партнеров