Алматыда аса ауыр қылмыс жасамақ болған қарақшылар ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен тәртіп сақшылары арнайы операция кезінде үш шетелдік азаматты қолға түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың екеуі Тәжікстан, ал біреуі Грузия азаматы. Күдіктілер арам ойын іске асыру үшін Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен. Деректерге сәйкес, қылмыстық топ қаладағы тәжік диаспорасының кәсіпкерлеріне қысым жасамақ болыпты.
«Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес, қаруды заңсыз сақтау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Одан бөлек, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша мәселе де қарастырылуда. Істің өзге де мән-жайларын анықтау, сондай-ақ аталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру жөніндегі жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», – деді ҚР ҰҚК ресми өкілі Әркен Әбдуғали.
Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған арнайы операция кезінде еліміздің төрт өңірінен ірі көлемдегі қылмыстық топтың 16 мүшесі ұсталды. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың бірінен құрамында алтыны бар шикізат ұрлаған. Қылмыстық топтың құрамында құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы қызметкерлері бар көрінеді. Тәртіп сақшылары ірі сомадағы ақшалай қаражат, материалдық құндылықтар мен байланыс құралдарын тәркіледі.