Бостандық ауданы полиция бөлімшесіне Ресей азаматының атынан көлік ұрлығы бойынша арыз түскен
«14 миллионға сатып алған көлігімді, полиция іздеуде деп алып кетті». Осылай телеарнаға хабарласқан азаматқа тәртіп сақшылары бірден мән-жайды түсіндірмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Карина Даниярқызы корейлік Kia көлігін 2023 жылдың 20 қаңтарында қомақты қаржыға сатып алған. Алайда көлікті 9 айдан кейін өзін «автокөлік иесімін» деп таныстырған азамат Бостандық ауданы полиция қызметкерлерімен бірге келіп, алып кеткен.
– Олар алдымен өздерін сатып алушы ретінде таныстырып, көлікті суретке түсіріп алып кетті. Ал 16 қарашада кешке Бостандық ауданы полиция қызметкерлерімен келіп, бұл ұрланған көлік екенін айтып, алып кетті. Бірақ оның қолында ешқандай құжаттық дәлел, суреттер болмады, – деді көлік иесі Карина Мұратбаева.
Жаңа Kia көлігін сатып алған соң қуанышы су сепкендей басылған шағымданушы, транспорттың иесімін деп тағы бір қожайын шыққанын айтады. Қазір көлік Бостандық ауданы Полиция басқармасының маңындағы көшеде тұр. Әзірге мемлекеттік тіркеу нөмірі орнында. Егер қолды болғаны расталса, зардап шегуші ақшадан да автөліктен де құр қалмақ.
Жаңа көліктің техникалық көрсеткіштерін тексеріп, VIN-кодына дейін сәйкестендірген сатып алушы ешқандай күдік болмағанын айтты. Жұртпен қатар, желідегі жарнама арқылы иесімен байланысып, бағасына келіскен.
– 14 миллион 500 мың теңгеге сатып алдық. Ешқандай заңға қайшы келетін әрекет болған жоқ. Сол себепті мұндай жағдайға қалай тап болғанымызды түсінбей тұрмыз. Көлікті Ресейден не басқа шет мемлекеттен әкелген жоқпыз. ХҚКО арқылы сатып алдық. Қазақстандықтар көлік сатып алған кезде, оларға кепілдік бере ме? Жәбірленуші болып тұрмыз, – деді арызданушы Данияр Мұратбаев.
Шағымданушы көлігін Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеген. Алайда мамандар «жүйеде бір ғана база болады, сондықтан қателесуіміз мүмкін емес» деп сендірді.
– Егер заңды тіркелген көлігім ұрланған болса, ХҚКО қажеті қанша? Оны қалай тіркеуден өткізді? Қалай тексерді? Енді кім шығынды өтейді? – деді көлік иесі Карина Мұратбаева.
– Маманның алдына сатушы, сатып алушы отырады. Нөмірі, техникалық паспорты болады. Ал енді базада қабылдап болғаннан соң, құжаттарды мемлекеттік органға жібереміз. Қылмыстық жағдай болмаса ғана, олар техикалық паспортын бізге жібереді, – деді №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Асқар Мүлікбеков.
Шағымданушы тарап кей қылығы күдікті болды деген көліктің бұрынғы иесімен де байланысып көрдік. Камераға ашық сұхбат бергісі келмеген азамат Kia көлігін сатқанын растайды. Айтуынша, ол да бұл техниканы 9 қаңтарда сатып алған. Екі аптадан кейін, қайта сатқан.
– Көлікті 9 қаңтарда Ақтаудан алдым. Сұхбат бергім келмейді. Маған хабарласып, жағдайды айтқанда көмектесер едім. Ештеңе деп айтқан жоқ, бірден арыз жазған. Мемлекеттік орган шешеді, – деді көліктің бұрынғы иесі Ғазиз Жантаев.
– Бостандық ауданы Полиция бөлімшесіне 1997 жылы туған Р есімді ресейлік азаматтың атынан көлік ұрлығы бойынша арыз түсті. Аталған азамат оны жарнамадан көріп, көліктің сыртқы белгілерінен танығанын айтып берді. Бұл іс бойынша тиісті техникалық экспертиза тағайындалды. Кейін сотқа жөнелтілмек, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек
Сонымен қатар құзырлы орган өкілдері атап өткендей, техникалық тексеріс нәтижесі Kia автокөлігінің расымен ұрланғанын дәлелдесе, онда қазіргі иесі шығынды өтеу үшін сотқа арыз беруі керек. Бірақ тергеудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Айта кетейік, биыл көліктің жеке тіркеу және техникалық тіркеуін өзгертіп беретін 2 цех анықталған.
Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Пәтер тонайтын шетелдіктер ұсталды