Қазақстандықтар қаржы ұйымына салған ақшасын қайтара алмай отыр

24.04.2024 19:38

Алматыда биыл 5 компания күдікке ілінді

Сгенерировано ИИ

Төрт мыңнан астам қазақстандық қаржы ұйымына салған ақшасын қайтара алмай отыр. Сатып алу сомасынан «кэшбэк» түрінде ақша қайтару кепілдігімен жұмыс істеген компания осыдан 4 жыл бұрын пирамида ретінде танылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Одан бері қылмыстық іс қозғалып, біраз азамат келтірілген шығынды өтеп алыпты. Бірақ арасында арыз жазбай, қалып қойғандар бар. Кемі миллионнан бастап ақша салғандар тіпті жақындарын кіргізіп, отбасымен қаржы құйған.

Зергерлік дүкендер желісі атын жамылған компанияда тұтынушыларға әшекей бұйымдар мен оларға сыйлық сертификаттары сынды 2 тауар түрі ұсынылған. Ал кіріс артыңнан алып келген адамдардан түсіп отырған сыңайлы. Солай сан соғып қалғандардың бірі - Фарида Әуезова. Көпбалалы ана - соңына дейін компанияның дұрыс бағытта жұмыс істейтініне сенгендердің бірі.

– Өзім, содан кейін несие алып, қызымды кіргіздім. Екінші қызым, артынан кредит алып қызын қатарға қосты. Алданғанымызды білген соң, арыз жаздық. Ақшаны қайтаруын талап етіп отырмыз, – деді жәбірленуші Фарида Әуезова.

Қазақстан бойынша салымшылардың саны 10 мыңнан асады.

– 20-30 миллион теңгеге дейін ақша салған жәбірленушілер бар. Несие алып, үйін, көлігін сатқандар бар. Негізі, аталған компания «жақсы жұмыс істеп келеді»  деп ойладық. Қазір азаматтық емес, қылмыстық іс қозғалғанын талап етіп жүрміз, – деді жәбірленуші Жанна Еркінбекова.

Қабылдау орталығына компанияның жұмысына сенгендер жиналған. Әр есікті қағып, шаршаған олар арыз-талабын айтып кетумен шектелді. Ал сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды 6 және 5 жылға бас бостандығынан айырған. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, уақытынан кеш қимылдаған азаматтардың арызы қаралып жатыр. Аталған дерек бойынша осыған дейін 4 мыңнан астам адам жәбірленуші деп танылған.

– Ең бірінші арыз жазған, екінші кезекте арыз жазған азаматтарға келтірілген залалдары қайтарылды. Соңында арыз жазған азаматтар бар. Олардың да арыздары қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта соттың шешімі шығады. Бұл қылмыстық іс бойынша жұмыс аяқталды, – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметкері Жақсылық Мырзахан.

Айта кетейік, былтыр Алматыда 12 қаржы пирамидасының жолы кесілді. Ал биылдың алғашқы тоқсанында 5 бірдей компания күдікке ілініп, оларға қарсы іс басталған.

Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: Салтанат ажал құшқан күні экс-министр бірнеше адаммен сөйлескен