Бишімбаевтың ісі: Салтанат ажал құшқан күні экс-министр бірнеше адаммен сөйлескен

Almaty.tv
Almaty.tv
Қылмыс болған күні Бишімбаевпен кездескен Гүлнәр Насырбековадан да жауап алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қуандық Бишімбаевтың телефонын тінту әлі жалғасып жатыр. Смартфоннан бүгін де жаға ұстатарлық бірнеше жазба мен қоңырау табылды. Салтанат Нүкенова ажал құшқан күні экс-министрдің таныстарына жазған хабарламалары тексерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылғы іске қосылғалы жұрт күтпеген жайттар жария боп жатыр. Түске дейінгі тыңдалымда судья смартфондағы барлық жазбаларды қарап шықты. Қылмыс болған күні экс-министрдың кіммен сөйлесіп, хат алмасқанын анықтады. Көріпкелден бөлек, сол күні Қуандық Бишімбаев бірнеше адаммен сөйлескен. Тізімде көп назарын аударған есім Юлия болды. Экс-министр онымен дәл Нүкенова хәл үстінде жатқан кезде сөйлескен. Бұл әрекетін сотталушы былай деп түсіндірді.

– Байқасаңыздар, осының бәрін жазғаным Салтанатқа бірдеңе болды деп ойламағанымды дәлелдейді. Мен нақтысын білмеймін, ол кезде тамыры соғып тұрған. Мен өліп қалады деп күдіктенбедім. Хат алмасқан уақытта жаман нәрсе ойламадым, – деді сотталушы Қуандық Бишімбаев.

Нүкенованың өмірмен қош айтысардан 1 ай бұрын Қуандық Бишімбаевтан бөлек тұрғаны белгілі болды. Осы аралықта оған Жеңіскүл есімді үй қызметшісі көмектесіп тұрған. Ал экс-министр әйелінің қайда, не істеп жүргенін көмекшісінен біліп отырған. Оған үнемі хат жазып, Салтанаттың жағдайын сұрағаны айтылды.

– Жеңіскүл өзімен - өзі жүретін. Жаман ойы жоқ. Салтанатқа келіп көмектесіп, үйін тазалап, керекті заттарын әкеп беріп отыратын. Бірақ Бишімбаев оны өзінің тыңшысы ретінде қолданды. Салтанат екеуі ұрысып қалғанда сол арқылы хабар алып отырды. Жүрген-тұрғанын, бәрін баяндап беріп отыратын, – деді С. Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.

Қылмыс болған күні Бишімбаевпен кездескен Гүлнәр Насырбековадан да жауап алынды. Экс-министрдің құрметті қонағы болған оған сол күні мейрамханадан төр ұсынылған. Куәгердің сотта айтқан бар сөзі - Бишімбаевты бұрын-соңды білмеген.

– Ол мені 9 қарашада BAU мейрамханасына шақырды. Өзі шығып қарсы алды да, біз ас үй жақтан өтіп, вип-кабинетке отырдық. Менен жарнама туралы сұрады. Арасында жиі-жиі телефонмен сөйлесіп, сыртқа шықты. Біз шамамен 1,5 сағаттай әңгімелестік. Ұлым мен қызым туралы сұрап, онымен бірге жұмыс істегісі келетінін айтты, – деді куәгер Гүлнәр Насырбекова.

Атышулы сот отырысы соңына да таяп қалды. Енді бірер аптада қылмыстық іске қатысты шешім шығуы мүмкін. Ал әзірге тыңдалымға үзіліс берілді. Отырыс ертең таңертең жалғасады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: сот отырысында экс-министрдің смартфоны тексерілді

Новости партнеров