Осы жылы мал ұрлығымен айналысқан 12 қылмыстық топ ұсталған
Жайылымнан мал ұрлап, оны елорда базарында сатқандар ұсталды. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, осы жылы мал ұрлығымен айналысқан 12 қылмыстық топ ұсталған. Аталған мәселемен күресу үшін базарлар мен мал сою орындарында арнайы рейдтер жүргізіліп жатыр.
«Павлодар облысында құрамында 15 адам бар қылмыстық топ анықталып, 18 мал ұрлығын жасағаны дәлелденді. Қаскүнемдер аптасына бір рет шаруа қожалығынан 1-2 бастан ірі қара мал ұрлап, содан кейін демалыс күндері Екібастұз базарларында ет сатып отырған. Сондай-ақ Ақмола облысында жайылымда жүрген малды атып, Нұр-Сұлтан қаласының базарларында ет сатқан топ ұсталды», – деді ҚР IIM ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Сонымен қатар «Браконьер» іс-шарасы барысында заңсыз аң аулаудың 1 983 фактісі анықталып, 3 мыңнан астам адам ұсталған. Мемлекетке келген шығын сомасы 21 млн теңгеден асып түседі.