«Дикий Арман» 24 адамды «Ritz Carlton» мен «Қазақстан» қонақүйінің паркингінде ұстаған. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығы Cерік Шалабаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, қылмыстық ортада «Дикий Арман» лақап атпен танымал Жұмакелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Ол серіктестерімен бірге 6 қаңтар күні қылмыскерлерге «Glock» және «Макаров» маркалы тапаншаларын, басқа да азаптау заттарын таратқан. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушылардың сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан.
«Аталған қарулы қылмыскер топтары қаланың әртүрлі нүктесінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Кейіннен, жәбірленушілер қала шетіне жеткізіліп, қылмыскерлердің қарулы күзеті қойып, металл контейнерге орналастырылды. Дене жарақатын келтіру нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды. Көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін 40 күдікті тұлға қамауға алынды», – деді ҚР Бас прокуратурасы 1-Қызмет бастығы Cерік Шалабаев.
Сонымен қатар, қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы ретінде еліміздің әр өңірінен 27 адам анықталған. Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты деген күдікпен арнайы органдардың қызметкерлері 25 адамды қызған үтікпен азаптағаны мәлім болды.
«Қазіргі уақытта 8 резонансты істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Бұл іс бойынша 15 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері күдікті ретінде танылды, оның 9-ы қамауда. Атап айтқанда, Алматы облысында қызған үтікті пайдалану арқылы азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленгені анықталды. Барлық арызданушылар азаптауды қолданудың ұқсас тәсілін сипаттады», – деді ҚР Бас прокуратурасы 1-Қызмет бастығы Cерік Шалабаев.