Алматы қаласы бойынша осы жылдың өзінде 6 есірткі сатушы тұтқындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өкініштісі, өңірде спайс, тұз, мефедрон сынды синтетикалық заттарға сұраныс артуда. Соның нәтижесінде жеңіл ақшаға тәуелді болып қалғандар арасында егде жастағы азаматтар да бар.
Қазіргі таңда қалалық полиция департаментінің бастамасымен «Есірткіге бірге қарсымыз» акциясы өтіп жатыр. Соның аясында арнайы нұсқаулықтар таратылып, трафареттер мен графикалық жазбаларды өшіру жұмысы жүзеге асырылуда. Акцияға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынан бөлек, Алматы автомеханика колледжінің белсенді жастары және Жетісу әкімдігінің заңгер қызметкерлері қатысты.
Айта кетейік, есірткі саудасы анықталған жағдайда күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Жүргізіліп отырған акциямыздың мақсаты – есірткімен күрес және оның зиянын халыққа түсіндіру, қаламызды осындай дүниені дәріптейтін жазбалардан тазарту. Сонымен қатар қала тұрғындарына есіркінің денсаулыққа кері әсері туралы брошюралар таратамыз. Акция Алматы қаласы бойынша өтеді. Барлық 8 ауданды қамтысақ деп отырмыз», - деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов.