Арзан пайызбен несие алып беремін: жамбылдық алаяқ 157 тұрғынды алдап соққан

15.12.2022 23:54

Олардың 300 миллион теңгеден астам берешегі бар

Almaty.tv

«Кредиттік тарихыңызға қарамастан арзан пайызбен несие алып беремін». Бұл - Жамбылдық 157 тұрғынды алдаған алаяқтың сөзі. Шағымын айтып облыстық прокуратура алдына жиналған көпшілік «кінәлілер жазасын алып, ақшамыз қайтарылсын» деген талап қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Баспаналы боласыз, қалтаңызды қаражатқа толтырамын. Тауарға несие рәсімдеңіз, мен сізге қолма-қол ақша шығарып беремін» деген сөздерге оңай иланып қалған 157 тұрғынның қазір 300 миллион теңгеден астам берешегі бар. Тұрғындардың айтуынша, сот процесі созылған сайын, банктегі берешек күн санап өсіп жатыр.

«Банкке барсақ кредит шықпайды. Неге десеңіз зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Жұмыссыз, айлығымыз аз болғандықтан бізге кредит шықпайды. Ол бізге аз пайызды несие шығарып берем. Сосын ол әкеме, маған кредит шығарып кетті. Екі-үш күннен кейін әкеп беремін деп сол күйі жоқ болды. Біз енді үндемей отырайық десек, банк қысым көрсетіп жатыр. Түскен айлығымызды күнкөріске қалдырмай, ұстап қалып жатыр. Барлық жерде бұғаттап тастаған», – деді жәбірленуші Гүлзат Нұрәлиева

«Мен өзім 70 мың теңгемен күн көріп отырған адам едім, қазіргі уақытта ол жұмыстан да ажырадым. Жұмысым жоқ.Бұл қыз үйге келіп жүрген қыз. «Біз сізге аз пайызды кредит шығарып беремін, сізге көмектесемін, үйіңізге жағдайыңызды көріп тұрмын су кіргізіп алыңыз» деді. Жаз айы. Қуанып, келісім бердім. Ол бірнеше банктен шығарып кететінін мен білген жоқпын. Мен оған бірнеше банктен кредит шығар деген жоқпын. Екінші топтағы мүгедек жолдасыма да 1,5 миллионға несие рәсімдепті.. Жұмыстан да ажырадым осының кесірінен», – деді жәбірленуші Эльмира Бештаева

«Жалғыз қызым бар. «Бақытты отбасыменен» үй алып беремін, құжаттарыңыз керек» деді. Мен қайдан білейін, үй аламыз деп қуанып  жүрмін.  Менің 4 га жерім бар еді, соған субсидия шығаратын болды. Қазір 4,5 млн теңге қарызбын», – деді жәбірленуші Алтынай Медеубекова.

Өкініштісі, айлакер азаматшаның құрығына ілігіп, қарызға батқаны жанына батып, қаза тапқандар да бар екен.

«Бұған дейін аталған іс қалалық сотта қаралып, қаулы шығарылған. Алайда шағымданушылардың келіспеуі және арыздың көптігіне де байланысты облыс прокуратурасына қайта аппеляцияға жолданыпты. Қазіргі мәлімет бойынша, арбау операциясының құрамында 15 адам болған. Олардың 3-еуі уақытша темір торда және бірнеше сыбайласы үй қамаққа алыныпты. Іске қатысы барлардың көптігіне байланысты сот процесі ұзаққа созылады», - дейді құзырлы орган өкілдері.

«Барлығы 15 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қылмыс процесі Кодексінің 320-бабымен прокурорға қайтарылды. Бұл іс өте үлкен, көлемді, 150-ге жуық іс, қылмыстық істің жиналған материалдары. Сондықтан сот қаулысына міндетті түрде баға беріліп, өтініш хат енгізіліп, аппеляциялық соттың алқасында қаралатын болады. Сол жерде талқыланып, соттың бұл қаулысының заңдылығы, бұрыстығы, дұрыстығына баға берілетін болады. Егер де жәбірленушілерге келтірілген залал қайтпаса, міндетті түрде бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді», – деді Жамбыл облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Алмас Егілбаев

Шағымданушы тарап сенімге кіріп, сөзінен секірген азаматшаны тергеушілерге өздері ұстап беріпті. Тіпті айыпталушы бұған дейін бірнеше рет сұрақ-жауапқа алынып, қайта босатылған екен. Жиналған көпшілік алаяқ әділ жазасын алғанын қалайды.

Жомарт Есқара, Ғалымжан Есенбаев, «Алматы телеарнасы», Жамбыл облысынан