Семейде офицер әскери бөлімнің мүлкін ломбардқа өткізіп жіберген

10.07.2024 00:00

Мемлекетке 2 миллион теңгеден астам сомаға залал келтіріліпті

Almaty.tv

Семейде офицер букмекерлік кеңседегі қарызын жабу үшін әскер мүлкін ломбардқа өткізіп жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Семей соты: «Капитан штабта топографиялық қызметтің бастығы бола тұра, әскери бөлімге тиесілі топографиялық аспаптарды ломбардқа салған», деген ақпар таратты. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, ол мұндай әрекетке букмекерлік сайтта ұтылып қалғандықтан, күн санап өсіп жатқан қарызын жабу үшін барған.

Нәтижесінде, мемлекетке 2 миллион теңгеден астам сомаға залал келтіріліпті. Сот әскери қызметшіні кінәлі деп тауып, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар сотталушыдан материалдық залал мен мемлекеттік баж өндіріп алынған екен. Дәл осындай жайттарды болдырмау үшін лудоманияға қарсы заңға Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Президент қол қойған құжатта мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкері мен бюджеттік ұйымдардың басшысы құмар ойындарға қатыса алмайды деп жазылған. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы да қарастырылыпты. Бұдан бөлек, қарызын өтей алмай жүргендер де бәс тіге алмайды. Ресми дерек биыл ақпандағы көрсеткішке сәйкес 11 лудоман тіркелген дейді. Бірақ психолог Айдос Ибрагим мұндай сандарға сенбейді.

«Мұндай статистикаға сену қиын. Себебі осыған дейін құмар ойыннан тегін емдейтін емханаларда ресми тіркеліп, ақпараттар ашық жарияланатын. Көп лудомандар осыдан қашып, ақылы орталықтарға жүгінетін. Енді кеше Президент қол қойған заң бойынша мемлекеттік орталықтарда емделген кезде ресми тіркеуге алынбайды. Яғни, медициналық құпиялылық деген дүние қатаң сақталатын болады. Сөйтіп консультативті түрде дәрігердің кеңесін алып жүреді», – деді психолог Айдос Ибрагим.

Лудоманияға қарсы заң бойынша енді бәс тігу операторлары ғимараттың сыртына, көліктердің шанағына сыртқы жарнамаларды жасай алмайды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, сайттардағы кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынған. Мұндай шектеулерден ойын бизнесінде кәсібін дөңгелетіп жүргендер қатты ұтылады екен. Мәселен, ұлттық леторея операторы миллиардтап табысынан айырылады. Соның салдарынан мемлекетке төленетін салық, қайырымдылық қорларға аударылатын қаржылар азаймақ. Лотерея операторлары дегенмен лудоманияға қарсы жасалып жатқан шараларды қолдаймыз дейді.  

«Сол жұмыс тобында депутаттар, сонымен қатар қоғам қайраткерлері мүше болған. Біз олардың әрбір бастамасына қолдау көрсетіп отырдық. Себебі қазіргі таңда лудомания проблемасы бүкіл әлемде өршіп бара жатыр», – деді ұлттық лотерея операторының ресми өкілі Шынболат Пазыл.

Бұдан былай букмекерлік кеңсе орналасқан жерде ғана сыртқы жарнамаға рұқсат беріледі. Сонымен қатар спорт ғимаратының ішінде және спортшылардың киімінде жарнама жапсыруға болады. Әрі спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген отандық телеарналар халықаралық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде букмекерлік орталықтар туралы айтып, жарнамалауға болады екен.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жаңатаста төтенше жағдай жарияланды