Жаңатаста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жамбыл облысындағы моноқаланы да нөсер суы басқан. Толассыз жауған жаңбыр көлбеу ағынға ұласып, шаһардағы 400 үйдің ауласын шайып кетіпті. Оған қоса, 50-ге тарта тұрғын үйге де су кірген. Ал бірнеше елдімекен электр қуатынсыз қалды.
Жылғалап аққан қызыл су түс ауа Жаңатастықтарды біраз әбігерге салды. Қаланың 13 көшесін су басып, сел жүріп өткен. Көлбеу ағынның биіктігі 35-40 см-ге жетіп, тіршілік нәрі 400-ден аса аулаға жайылыпты. Нөсер суы «Жаңатас-Саудакент» тасжолының бір бөлігін шайып, қазір мұнда жол қатынасы үзілді.
Лай су Жаңатас қаласындағы Малоэтажка және Дегерес елдімекендерін электр желісінен ажыратқан. Соның салдарынан 600 абонент жарықсыз қалды. Ағын су ағарту ошағының жертөлесіне де кіріп, ондағы жарық желісін үзген. Ал кенеттен келген қауіптен қала тұрғындары абдырап қалды.
«Үйімді шайып кеткелі бері ешқандай жұмыс істей алмай жатырмыз. Енді тек комиссияны күтіп отырмыз. Ары қарай дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамыз», – деді Жаңатас қаласының тұрғыны Қуаныш Тұрсынбай.
Тасқынның салдарын жою үшін 280 адам мен 70-ке жуық техника жұмылдырылды. Ал аулаларды судан тазарту үшін 24 су сору құрылғысы іске қосылған. Жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында өңірде жергілікті билік пен құтқарушылар үш күннен бері тынымсыз жұмыс істеп жатыр.
«Су айдау жұмыстары бүгін таңертең аяқталды. Қазіргі таңда ауданда материалдық шығындарды анықтау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссия аудандық әкімнің шешімімен құрылған болатын», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбек.
Бұған дейін тасқын Шарбақты-Жаңатас бағытындағы шойын жолды шайып кеткен еді. Соның салдарынан теміржолдың шамамен 25 метр бөлігі бүлінген. Жүк пойыздарына арналған жол қазір қалпына келтіріліп жатыр.
Айта кетейік, апаттан адам және мал шығыны болған жоқ. Қазір дүние-мүлікке келген шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтауда көлік жуу орындарының жұмысына шектеу қойылды