Күдікті өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ
Алматыда әйелдің басын кесіп, базарға тастап кеткен қылмыстық іске қатысты сот отырысы аяқталды. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін мемлекеттік айтыптаушы, қорғаушы, сотталушы мен марқұм әйелдің қызы судья алдында соңғы сөзін айтты. Атышулы оқиға биыл көктемде Түрксіб ауданында болған. Алматыдағы базарлардың бірінде пакетке салынған адамның басы табылып, дүйім ел шулаған еді. Кейіннен қылмыстық іске күдікті деп танылған қарағандылық 61 жастағы азамат ұсталған болатын.
– Қылмысқа күдікті Иманқосовтың күртешесінен қан тамшылары анықталды. Сот медициналық сараптама нәтижесінде, оның қаза болған әйелдікі екені дәлелденді. Одан бөлек, қылмыс болған саябақтағы бейнебақылау камерасын қарадық. Оны бұған дейінгі сот процесі кезінде көрсеткенбіз. Тергеу нәтижесіне сүйене келе, әйелдің өліміне 61 жастағы Асхат Иманқосовты кінәлі деп танып отырмыз, – деді мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева.
Ал күдікті өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Оның айтуынша, прокурорлар жүргізген тергеу жұмысы әлі жеткіліксіз. Ол бұған дейін судьядан істің әділ қаралуы үшін алқа-билердің де қатысуын сұраған еді. Өтініші қанағаттандырылып, құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiзiн айқындайтын алқабилер шақыртылған болатын. Ал сот тыңдалымына қатысқан марқұм әйелдің қызы анасының өліміне қамауда отырған 61 жастағы азамат кінәлі екеніне сенімді.
– Ең жақын адамыңды жоғалтудың қандай болатынын айтпаса да, түсінікті. Мемлекеттік айыптаушы айтқан деректермен толық келісемін. Судья, сіздің әділетті шешім шығаруыңызды сұраймын. Кінәлі адам жазасын алуы керек деп есептеймін, – деді марқұм әйелдің қызы.
Оқи отырыңыз: Алматыда жалған полицейлер адам тонаған