Оқыста оққа ұшты: Алматы облысында баланың денесі көрші үйдің ауласынан табылды

08.08.2023 в 00:15

Жергілікті билік болған жайттың нақты себебін түсіндіріп бере алмады

Алматы облысы Бәйдібек би ауылында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан 17 жастағы балаға оқ тиіп, қаза болды. Марқұмның денесін туыстары сол маңдағы көрші үйдің ауласынан тапқан. Ажал құшқан жігіттің жақындары енді тергеу әділ өтсе дейді. Ал ауылдағы жанжалдан зардап шеккен тағы он шақты жасөспірімнің ата-анасы ауылға тәртіп орнату керек екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Бәйдібек бидегі бассыздық кезінде тоғыз жерінен оқ тиіп, жан тапсырған 17 жастағы жасөспірімнің жақындары түсіріп алған қорқынышты бейнежазба. Бір ауылда тұрып, екіге бөлінгендердің текетіресі кезінде оқыста оққа ұшқан.

– Ұйықтап жатқан бала  еді. Шақырған соң, барған. Көп уақыт болмай оққа ұшқан. Олар арнайы дайындалып, кісі өлтіруге мылтық алып шыққан. Мылтықпен келген, пышақтары да болған болуы керек. Жараланғандар да бар, – деді марқұмның әкесі Айдарбек Өмірбаев.

– Баламның ісін заңды әрі әділ шешілгенін қалаймын. Баланы шығарған соң, бір топ еркек келді де қоқан-лоқы көрсетіп кетті. «Балаңа неге ие болмайсыңдар?» дейді. Қан жұтып отырған адамбыз ғой. Бізге «білгендеріңді істе» деп кетті, – деді марқұмның анасы Елнара Айдарова.

«Ауылдың қақ ортасында болған бейберекет кезінде 40-50-ге жуық адам жиналған» дейді жергілікті жұрт. Сөйтіп базар алдында аяқасты атыс басталған. Бас сауғалаған балалардың біразы дәретханаға, енді бірі базар артына қаша жөнелген. Олардың ішінде оқ тиіп, опат болған марқұм Марлен де болыпты. Жиналған топтан жапа-тармағай қашқан 17 жастағы бала қансырап, қаша жөнеледі. Қақпадан қарғып өтіп, құлайды. Сол жерде соңғы демі таусылған екен.

Жұрттың жағасын ұстатқан жанжалдан соң, басқа да жәбірленушілердің жақындары арызын айтқан. Өйткені таяқтың астында қалғандардың ішінде ауыр дене жарақатын алғандар да бар. «Бұл жағдайда жергілікті әкімдік пен тәртіп сақшылары селқостық танытты» дейді тұрғындар.

– Біз сол күні түстен кейін барып, моргтен алып келдік. Ал одан кейін бізден тергеушілер, мысалы, «Марлен қайда болды, сағат қаншада шықты?» деп ештеңе сұраған жоқ. Әкімдіктен де ешкім келген жоқ, – деді марқұмның әпкесі Айгерім Өмірбаева.

Жергілікті билік болған жайттың нақты себебін түсіндіріп бере алмады. Жанжалдың шығу себебін де әлі анықтамаған. Бірақ қазір тиісті іс-шараларды жүргізіп жатқанын айтып, ақталды.

– Жанжалға қатысқандар – мектеп оқушылары емес, мектеп бітіріп кеткен жасөспірімдер. Бұл бұрыннан келе жатқан нәрсе, қазір жастар арасында бір-бірін түсінбейтін жағдай көп. Біздің тарапымыздан, әрине, шамамыз келгенше көмек көрсетіледі, – деді Бәйдібек би ауылдық округі әкімінің орынбасары Ержан Телтаев.

– Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар деген 20-дан астам баланы анықтап, жеткізді. Оның 9-ы аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалды деді Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Айта кетейік, аталған дерек ҚК 99-бабы 9-тармағы 2-бөлігіне сәйкес тіркелді. Егер іс дәлелденіп, сот оны қанағаттандырса, күдікті 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Арыстағы атыс: 2 адам көз жұмып, 2 тұрғын ауруханада жатыр