Шымкентте мал ұрлаған әскерилердің соты басталды

28.01.2021 00:48

Әскерилердің құйтырқы әрекеті былтыр қарашада анықталған еді

Almaty.tv

Шымкентте  Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара жасағы мен әскери қызметкерге қатысты сот процесі басталды. Олар топтасып, мал ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Әскерилердің құйтырқы әрекеті былтыр қарашада анықталған еді. Содан бері жүргізілген тергеп-тексеру нәтижесінде 6 адам күдікке ілінді. Мән-жайды өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтып берсін.

Шымкентте басталған онлайн соттың бас фигуранттары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара жасағының және әскери қызметкер Нұрсұлтан Ыдырысов пен Еламан Жорабеков. Олар топтасып мал ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Бірі Сарыағаштағы 2020 әскери бөлімінің Дархан шекара заставасында қызмет етсе, екіншісі Сарыағаш шекара қызметінің бақылаушысы болған.

«Жол бойында тұрған жәбірленуші Зиябеков Нұралжанның құны 120 мың теңге тұратын бір бас ірі қара малын жымқыру мақсатында, қасында отырған Жорабеков екеуі ірі қара малды ұстап, көлікке салып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы бөтеннің малын жасырын жымқырып, жәбірленуші Зиябековке 120 мың теңге материалдық зала келтіріп, ұрланған малды сол күні 60 мың теңгеге бағалап сатып жіберген», – деді прокурор Сапарғали Теменұлы.

Мемлекеттік айыптаушы мал ұрлығының былтыр шілдеден басталғанын айтады және 22, 28 жастағы әскерилер бұл іске жалғыз бармады дейді. Сөзінше, 5 ай бойы жалғасқан ұрлыққа тағы 4 азаматтың қатысы бар. Сыбайластар Түркістан облысы, Келес ауданында жайылып жүрген малды ғана емес, қорадағы ірі қараларды да қолды қылған болуы мүмкін. Сот отырысында малым ұрланды деп шағымданған жәбірленушілер де сөз алды.

«Иә, қайтарды. Кешірім бердім. Біздің де бала-шаға бар. Немерелер бар. Кешірдік қой», – деді жәбірленуші Ибагүл Қоңыратбаева.

Көрінген малды көлігіне тиеп әкетті деген күдіктілер осы уақытқа дейін 11 төрт түліктіні, яғни 7 ірі қара, 3 қой мен 1 жылқыны ұрлаған дейді прокурор. Жәбірленушілердің сөзінше, малдың бәрі кері қайтарылған. Оның жалпы құны 3 млн теңгеден асады. Алайда қарсы тараптың бәрі бірдей кешірім бермепті.

«Алдыңғы ұрланған малдарымды осылардан көремін мен. Сол малдарымды өндіріп берсін менің. 2 жылқы, 1 сиырым жоғалған. Мен оларды кешірмеймін. Моральдық шығындарымның барлығын өтеп берсін. Сонда ғана кешіремін», – деді жәбірленуші Айгүл Жүнісова.

Егер күдіктілердің кінәсі анықталса, олар 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Айта кетейік, қылмыстық топ мүшелері 188 баптың 3 бөлігі, 1,2 тармағы бойы айыпталып отыр.