Алматыда алаяқтық дерегі 12 пайызға төмендеген

elements.envato.com
elements.envato.com
Дерекке сүйенсек, былтыр Алматы бойынша осы қылмысқа қатысты 3 жарым мыңдай арыз түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алаяқтық дерегі 12 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірақ бұл әккілердің жымысқы әрекеті азайды деген сөз емес. Интернеттің дамыған уақытында олар да ақша жымқырудың түрлі амалын жасап жатыр. Банк пен құзырлы органның атын жамылып қоңырау шалады, одан қалса, сапалы тауарды ең арзан бағада ұсынып, тұзаққа түсіргісі келеді. Полицияның хабарлауынша, соңғы кезде «мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып береміз» дегендерге сеніп сан соққандар қатары көбейген.  

Олар "банк қызметкері", "тергеуші", "прокурор", одан қалса, "сот". Тұтқаны көтерген жанды сендіру үшін бар амалын жасайды. Бұл ескірген, көпке мәлім қулық дерсіз, бірақ сол өтірікке қазір де алданып жүргендер қатары аз емес. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кезде әккілер сатып алушының да рөлін сомдайтын болған.    

«Жарнамаға ескі затымды сатуға шығардым. Сол жарнама бойынша біреу хабарласып, «Тауарды аламын, бірақ тек пошта арқылы салыңыз» дейді. Ал ақшасын бір сайт арқылы жіберетінін айтты. Яғни, ол менің банк картамды сол жерге тіркегенімді қалады. Солай ақшаны алмақ болды», – деді қала тұрғыны Айман Тоқтаболатова.

Полиция департаментінің кейінгі статистикасы алаяқтық дерегінің жалпы 12 пайызға төмендегенін көрсетеді. Дерекке сүйенсек, былтыр Алматы бойынша осы қылмысқа қатысты 3 жарым мыңдай арыз түскен. Соның жартысынан көбі - интернет-алаяқтық бойынша шағымдар.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер немесе жер бөліп беремін дейтін алаяқтар бар. Көлік жүргізушісі куәлігін алып беру қызметін көрсетеміз деп алдайтындар да аз емес. Түрлі сылтаумен әрекет етеді. Сонымен қатар жер учаскесін немесе инвестицияға салымшы ретінде тартатын алаяқтық көп», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ақпан басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері кілтсөзі жоқ қоғамдық Wi-fi-дан да сақ болуға шақырған. Ұялы телефон желіге қосылған жағдайда банк қосымшасын ашпауға кеңес берген еді. Себебі хакерлер сол арқылы есепшотқа қол сұғудың амалын тауыпты. Құқық қорғау саласындағылар қашықтан отырып елді ақ ауыз қылатындармен күрес қарқынды жүріп жатқанын айтады. Алайда бұл істе күдіктілердің анықталып, зардап шеккендердің шығыны қайтарылғаны сирек жағдай.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жарты ғасыр жөндеу көрмеген апатты мектепте оқушылар қалай оқып жүр

Новости партнеров