Сотталушы кем дегенде 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Түркістанда күйеуін буындырып өлтірген әйелге қатысты сот басталды. Екеудің арасындағы жанжал спирттік ішімдік кесірінен басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
50 жастағы Лобар Хаджиева 30 жыл отасқан күйеуін өлтірді деген күдікпен сәуірде ұсталған. Содан бері үш ай тергеуде болған істің бүгін алғашқы сот отырысы өтті. Сот залына сотталушының қорғаушылары мен адвокаттары және жәбірленуші тараптың туыстары келді. Бірінші болып сөз алған Хаджиева кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді.
Сотқа келген марқұмның азаматтық өкілі әрі туған ағасы аталған жайтқа қатысты пікір білдірді. Жәбірленуші тараптан сөз алған ол оқиғаның болғанын таңертең естіген. Ал істің толыққанды мән-жайын аталған отырыста прокурор баяндап берді.
– Хаджиева кешке ұлымен шай ішіп отырғанда күйеуі келіп спирттік ішімдікке ақша сұраған. Әйелден соңғы 1500 теңгесін алып кеткен. Бірер сағаттан соң ер адам үйіне мас күйде келіп, жанжал шығарады. Әйелінің бетіне түкіріп жібереді. Ашуға булыққан Л. Хаджиева күйеуін өлтіруге бел байлайды. Масаң күйде отырғанын пайдаланып, артынан белбеумен буындырған. Дәрменсіз ер адам сол жерде жан тапсырған, – деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Тоқтар Аманқұл.
Бүгінгі сот отырысында ерлі-зайыптылар 30 жыл отасқаны айтылды. Арада екі ұл, екі қыз бар. Біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Адам өлтіру бабы бойынша жауапқа тартылған сотталушы кем дегенде 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан
Оқи отырыңыз: Атырауда жағдайдан бейхабар әкім жалған ақпарат берген