Қаңтарда оққа ұшқан желаяқ жігіт пен полицейдің туыстары әділ тергеу талап етеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаңтар көтерілісінде Алматы қаласы бойынша 160 адам қаза тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаңтар көтерілісінде Алматы қаласындағы әскери оқу орындарының 130 курсанты зардап шеккен. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. Ресми деректерде бұған дейін 160 алматылықтың қаза тапқаны айтылып келді. Олардың арасында 27 жастағы тәртіп сақшысы мен 3 ай бұрын ғана Қазақстан азаматтығын алған 19 жастағы желаяқ Әбдуғапар Оразғалиұлы да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

        

Бұл жүлденің барлығы Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 19 жастағы Әбдуғапар Оразғалиға тиесілі. Ол жеңіл атлетикамен 10 жасынан бері шұғылданған. Қытай жерінде дүниеге келген спортшы былтыр өз Отанына оралған. Сондағы бар мақсаты туған елінің көк байрағын желбіретіп, төрткіл дүниеге ұлт даңқын асқақтату болды. Өкінішке қарай, сол арманына жете алмай кетті.

Әбдуғапардың туыстары бозбаламен соңғы рет қаңтардың 5-і күні тілдесіпті. Марқұм сол кезде жаттығу залынан келіп, енді сәл демалып алатынын айтқан екен. Туыстары содан кейін хабар ала алмаған. Кейін дүрбелеңде қаза тапқаны туралы суық хабарды естіген.

«Оқ жамбасқа тиген. Күретамыры жарылған. Баламыз Қытайда тәрбиеленіп өскеннен кейін, бәлкім, митинг дегенді білмеді. Бұл содан жайбарақат, ешкім тиіспейді деп тамақтануға шығып кеткен. Біз солай ойлаймыз. Өте талантты еді. Мектебі де білетін. Қытайда жаттықтырған мұғалімі де сенбей отыр», - дейді А. Оразғалидің ағасы Айтан Серікбай.

Ал мерт болған полиция қызметкері Нұрболсын Алмасовтың туыстары марқұмның қазасына әлі де сенбейді. Жақындарының айтуынша, тәртіп сақшысы сол күндерде үйіне мүлдем келмепті. Күн-түн демей, өз қызметін адал атқарды дейді. Марқұмның әпкесі «Нұрболсын – әулетіміздің кенжесі еді» деп, бауырының жоқтығын әрең көтеріп жүргенін айтты.

«Көктемде үйленемін деп дайындалып жүрген. Өзінің жақсы көретін қызы болды. Отбасын құруды көп армандайтын. Бірақ жұмыс десе, жанын беруге дайын жігіт еді», - деді Н. Алмасовтың әпкесі Айгерім Сейтәлиева.

Алматы қаласы бойынша қаңтар көтерілісінде 160 адам қаза тапты. Оның 11-і – құқық қорғау органының қызметкерлері. Ал қалған 149-ы – қарапайым азаматтар. Бұл ресми мәлімет. Бүгінде марқұмдардың туыстарына жақындарын жоқтап, олардың естеліктерін қарап, көз жасын көл қылғаннан басқа амал жоқ.

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров