1 сағат ішінде үш бірдей қылмыс жасаған: Жанжалдың соңы кісі өлімен аяқталған оқиғаға қатысты жаңа деректер пайда болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Осыдан 4 күн бұрын болған қайғылы оқиға Қарасай ауданы Абай ауылындағы жаңадан соғылып жатқан үйде орын алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Адам өлімі, автокөлікті заңсыз иелену және жол апаты. Алматы облысында бар жоғы 1 сағат ішінде үш бірдей қылмыс жасаған Шымкент қаласының 22 жасар тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Осыдан 4 күн бұрын болған қайғылы оқиға Қарасай ауданы Абай ауылындағы жаңадан соғылып жатқан үйде орын алған. Көршілерінің айтуынша, мұнда құрылыс жұмыстарының жүріп жатқанына 1 айдан астам уақыт өтіпті. Ал, асарға көмекке келгендердің барлығы үй егесінің жекеменшік дәмханасында бұрыннан бірге жұмыс істеп келе жатқандар екен. Бұл  жағдай орын алғанға дейін жиналған жұмысшылар ішімдік ішіп, бірден жанжалдаса бастаған.

21 маусымда Алматы облысында жеке үйлердің бірінде адам өлтірді деген күдікпен 22 жасар Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.

Оқиға орнынан:

– Шешесінен боқтаған. Сосын неге олай боғауыз сөз айтасың деп, пышақ алған. Жаңағы ауған бала шымкенттік баланы боқтаған ғой. Үй иесі қабырғанын кірпішін бұзып жатқан. Қасындағы бала соған көмектесуге келген ғой. Бұл жұмысқа келгеніне төрт-ақ күн болған.

Түс ауа көршілері ішімдікке масайған жұмысшылардың айғайын естіген. Ол уақытта үй егесі мен оның баласы да құрылыс басында жұмыс істеп жүріпті. Ал, Шымкент тұрғыны қасындағы жігіттің көзіне пышақ сұғып, үй егесінің көлігіне отырып қаша жөнелген.  

«326-нөмірлі «Дамас» көлігі тұрды. Сол көлікті мініп қашты. Артынан үй егесінің баласы өз көлігімен қуа жөнелді. Кейін бірден жедел жәрдем мен полиция келді. Біз құрылыста жұмыс істеп жатқанбыз. Барлығы 7 жұмысшы болған», – деді жұмысшы.

Ал, сағат 19:03-де Қарасай ауданының полициясына № 7 қалалық клиникалық ауруханаға пышақ жарақатымен Қарасай ауданының 30 жасар тұрғыны түскені туралы хабарлама келеді. Бірақ ауруханаға жеткізілген сәтте жапа шегушінің көз жұмғаны белгілі болған. Қаза болған азамат отбасын құрған және 2 баласы бар. Ал, күдікті азамат қылмыс орнынан қашу кезінде 1 шақырым жерде көлігі бір рет  аударылып түскен.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мән-жайды анықтап, бірден күдіктінің ізіне түскен. Іздеу жарияланған көлікті байқаған тәртіп сақшылары жүргізушіні тоқтатуға тырысқан. Десе де ешқандай ескертуге назар аудармаған ол жол апатын жасап, көлігі екінші рет аударылған сәтте ұсталған.

«Тосқауыл жоспары жарияланған. Патрульдік полиция ротасының 3 экипажы күдіктінің жолын бөгеп тастады. Сөйтіп, сезікті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан автожолдың 36-шақырымында көлікті басқара алмай, аударылғаннан кейін ұсталды. Қазіргі таңда қылмыстық құқық бұзушылық деректері бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі, яғни, басқа адамды қасақана өлтіру дерегі және 200-бап, 1-бөлігі автокөлікті немесе басқа автокөлік құралдарын заңсыз иелену дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қазіргі таңда бірнеше қылмысқа күдікті ер азамат қамауға алынған. Бұған дейін ол бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал, қаза болған жұмысшы Қаскелеңде жерленіп, қазір тергеу амалдары жүргізілуде  

Аяулым Көлжігіт, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы


Новости партнеров