Шымкентте 9-сынып оқушысы 42 жастағы азаматты ұрып өлтірді деген күдікке ілінді

19.02.2021 00:50

Айдың-күннің аманында асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері кінәліге кешірім жоқ деп зар еңіреп отыр

Almaty.tv

42 жастағы Шымкенттік азаматтың өліміне күдікті деп танылған 9-сынып оқушысы әділ жазалансын дейді марқұмның туыстары. Айдың-күннің аманында асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері кінәліге кешірім жоқ деп зар еңіреп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қара жамылған әулеттің ендігі үміті соттың әділ шешімінде. Айта кетейік, 15 ақпанда Шымкенттегі Ынтымақ шағынауданында жеткіншек 42 жасар ер адамды таспен ұрып өлтірді деген күдікке ілінген болатын.

«Бізге олар жақтан ешкім келіп кешірім сұрамады. Істеген қылмысына сай заң бойынша жазасын алу керек. Біз оны мүлдем кешірмейміз. Сот шешемін шығарсын, бірақ әділ шешім шықса дейміз», – деді марқұмның қарындасы Севда Идирисова.

Қара жамылып отырған отбасы күдіктінің бұзақы болғанын да жасырмайды. Сөздерінше, мектеп қабырғасында марқұмның қызына қайта-қайта тиісуін әдетке айналдырып алған екен. Оған қыздың әке-шешесі тарапынан бірнеше рет ескерту де айтылыпты. Қайтыс болған ер кісінің жақындары 9-сынып оқушысы сол ескертпелерге кек сақтап қалуы да әбден мүмкін дегенді айтады. Бірақ құзырлы орган өкілдері болған жағдай бойынша ешқандай ақпарат бермей отыр.

«Бетінен түк қалмаған. Қан жоса болып жатыр. Қолдарына түскен затпен ұра берген. Қабырғасын сындырып тастаған. Анық-қанығын білмеймін бірақ таспен аяусыз ұрған дейді. Болған жағдайды күдікті өзі мойындап отыр. Менің естуімше, ол жалғыз болмаған. Марқұм ағама үш адам жабылған», – деді марқұмның қарындасы Севда Идирисова.