Сарыағашта зорлықтан көз жұмған 5 жасар Еркежан Нұрмаханның азапты өлімінен кейін тағы бір адамға сот үкімі шықты. Ол пробация маманы Тұрарбек Тілтаханов, деп хабарлайды Almaty.tv.
39 жастағы қызметкерге кінәлі азаматты бақыламады деген айып тағылған. Қылмыскердің антисанитариялық жағдайда өмір сүруіне жол берген ол бүгін сот шешімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы тағылған кінәні мойындаған жоқ. Саяси құрбан болдым деген маман «мені емес пробация басшысын жауапқа тарту керек еді» деді. Аталмыш мекемеде 14 жылдан бері жұмыс істеп жүрген Тілтаханов берілген жазаның тым ауыр екенін де атап өтті. Ал оның адвокаты шешімді апелляцияға беретінін мәлімдеді.
– Пробация қызметкерінің іс әрекетін осылай бағалағанына келіспейміз. Біріншіден, 2 жыл бас бостандығынан айыру – ауыр жаза. Екіншіден, қылмыстық іс әрекеттер дәлелденген жоқ. Соттың өзінде де куәгерлер оның іс әрекетінің заңды екенін дәлелденіп отыр, – деді адвокат Зайнитдин Сұлтанмұратов.
Еске салайық, былтыр шілдеде Сарыағаштағы Жібек Жолы ауылында 5 жасар қыз жоғалып, кейін оның мәйіті көрші үйдің шатырынан табылған. Азаптап өлтірді деген көршісі Сайдолим Гайибназаров бұған дейін екі рет сотты болған. Алғашында кісі өлтіргені үшін 10 жыл түрмеде отырған қылмыскер кейін тағы да бір адамның басын жарып, шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Ал қызынан қапада көз жазып, қан жұтқан Еркежанның анасы аудандық сот пен прокурор да жауапқа тартылуы керек екенін айтты.
– Басын балталаған кісі де қайтыс болған. Соған қарамай судья Шәтенов пен прокурор Баймағамбетов қылмыскерді шығарып жіберген. Соларды да тиісті жауапкершілікке тартуыңызды сұраймын. Шәтенов тек жұмыстан шеттетілді. Ал Баймағамбетов болса, Түркістан облысына ауысып кетті, – деді марқұм Еркежан Нұрмаханның анасы Индира Ерімбетова.
Оқи отырыңыз: Оқушы өлімі: Қызылорда облысындағы оқиғаға сыныптасы күдікті деп танылды