Арыста ресми іс-шара барысында төбелес шығарғандар полицияға жеткізілді

26.02.2021 00:39

Сондай-ақ санитарлық талапты сақтамағаны үшін мәдениет үйінің басшылығы да жауап беретін болады

Бас жүлде үшін бас жаруға дейін барған. Түркістан облысы, Арыс қаласындағы ресми іс-шаралардың біріндегі жастардың жаппай төбелескен видеосы әлеуметтік желіде әп-сәтте тарап кетті. Ғимарат ішіндегі жұдырықтасу, кейіннен көшеде жалғасын тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Анықталғанындай, жеткіншектердің жаппай төбелесі Арыс қаласындағы әскери дайындық пәні кезінде өткен шараны марапаттау рәсімінде болған. Жүлделі орынға таласып, шатақ шығарған жастардың жеке бастары анықталған. Олар бірден полиция бөліміне жеткізілген. Алайда жұдырықтасқан екі тараптың жігіттерінің бір де бірі арызданбапты. Десе де аталған жағдай «Бұзақылық» бап бойынша тіркелді. Сондай-ақ санитарлық талапты сақтамағаны үшін мәдениет үйінің басшылығы да жауап беретін болады.

«Осы салтанатты жиынды ұйымдастырған ұйымдастырушыларға қатысты әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша карантин ережелерін бұзу бойынша материалдар жинақталып, СЭС-ке жолданды», – деді Облыстық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.