Жәбірленуші тарап болса сот шығарған үкіммен келіспейді
Екі жүзден аса адамды қажылыққа апарамын деп қаржысыз қалдырған турфирманың директорына сот үкімі шықты. Бірақ «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылған Медет Мұратбайұлы кінәсін мойындаған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтар айында ел-жұртты қажылыққа апарамын деп қаржысын жинап алған Медет Мұратбайұлының қамауда отырғанына 10 ай болды. 26 жастағы сотталушы кінәсін мойындамаған. Кәсіпті дұрыс жүргізе алмадым деген айыпталушы басқа адамға сеніп туристік компания ашқанын айтты.
– Компанияның 522 млн теңгесі Бекболат Тілеухан мырзаға берілді. Жеке қаражатымнан 128 млн теңге сол кісі алды. Ол «бірге жұмыс істейміз» деп уәде берген. Бекболат Тілеухан мырза мүфтият тарапынан лецензия алу, туризм басқармасына 100 млн теңге беру сияқты шаруаны өзі шешетінін айтқан. Менің тек кәсіппен айналысуымды қалады, – деді сотталушы Медет Мұратбайұлы
Акция деп арзан бағамен жұртты Меккеге жібермек болған Медетке барлығы 245 адам алданған. 254 млн 638 мыңнан аса теңгені жинап алған ол жәбірленушілерге ақшаның бір тиынын да қайтармаған. Жиналған ақшаға туған-туысы мен жақындарының атынан түрлі көлік алған. Осылай деген сот бұл іске нүкте қойды.
– Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Бекболат Тілеухан ақшасын алды деп, соған жауып отыр. Ол уәж дәлелденбеді. Оны дәлелдейтін сотқа құжат ұсынбады. Оған өкініш білдірмегенін, өзінің қылмысының ауырлығын сезінбегенін ескере отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді, – деді Шымкент қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнель Орақбаева.
Жәбірленуші тарап болса сот шығарған үкіммен келіспейді. Олар «бес парызын өтемек болған елді алдап соққан сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыру керек еді» дейді. Сондай-ақ оны жарнамалаған жұлдыздарды да жауапқа тарту керек екенін жеткізді.
– Ел алдында жүрген жұлдыздар Kausar travel жарнамалаған. Олар да жауапқа тартылуы тиіс. Айнұр Тұрсынбаева, Нұржан Керменбаев, «Жігіттер» тобы компания сертификатын алып, жарнама жасады. Біз соған сеніп қалдық. 10 ай тергеу изоляторында отырған. 1 күні 1,5 күнге есептеледі. Сонда 1,5 жыл өтіп кетті, енді 3 жыл отырса, айыппұл төлеп, шығып кетуі әбден мүмкін, – деді жәбірленуші Нұрлан Серғазиев
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте Меккеге барамыз деген бір топ азамат қаржысын беріп, қажылыққа бара алмай қалған еді. Кейін олардың қатары көбейіп, 200-ден асты. Жәбірленушілердің арасында Астана мен Алматы қаласының да тұрғындары бар.
Гүлмарал Изатқызы, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Бала баспалдақтан құлады: жедел жәрдем көлігі неге кешікті