50-ден аса пәтерді тонаған күдікті ұсталды

02.04.2022 00:47

Ол тонаған заттарын ломбардқа сатып келген

Almaty.tv

Түркістан облысында 50-ден аса пәтерді тонаған күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ол Қазығұрт ауылы тұрғынының шағымынан кейін құрықталып отыр, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.


Жергілікті полиция басқармасына хабарласқан әйел түнгі уақытта белгісіз біреудің алтын бұйымдары мен 1 миллионнан аса ақшасын жымқырғанын айтқан. Жәбірленушіге қатысты жәйт тіркелген соң, тәртіп сақшылары бірден іздестіру шараларына кіріскен. Нәтижесінде күдіктінің Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Ол 3 жыл бойы Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында ұрлықпен айналысып, тонаған заттарын ломбардтарға сатып келіпті.

«Аталған ломбардтардан ұрланған заттарды алып, иелеріне қайтару мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар бұл азамат бұрын сотты болған. Оның үстінен қазіргі таңда ҚР ҚК 188-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.