Ескі көліктер қашан қайта өңделеді

02.04.2022 02:40

«Жасыл даму» акционерлік қоғамы ескі көліктерді қабылдауды тоқтатқан

Almaty.tv

«Жасыл даму» акционерлік қоғамының жұмысын халық сарғая күтуде. Осылай деген бір топ шаруа бүгін елордада бас қосып, арнамызға шағымданды, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі. 


Сөздерінше, компания 3 ай бұрын мемлекеттен 5 мың техникаға деп квота бөлген. Оны ести сала, халық ауылдан ескі комбайндар мен тракторларын алып, Қарағанды облысындағы көліктерді қайта өңдейтін зауыт алаңына тасыпты. Олар «Жасыл даму» істен шыққан ауыл шаруашылығы техникаларын қайта өңдеу жұмысын әлі басталмағанына налиды. Зауыт қабылдамағаннан кейін халық тұраққа әр көлік үшін күніне мың теңге төлеуге мәжбүр. Олардың көліктерлі Нұр-Сұлтанда көлік тұрағында тұр. 11 қаңтар күні ескі көліктерін қайта өңдеуге қабылданатыны туралы хабарлама келген. Алайда «Жасыл даму» акционерлік қоғамы ескі көліктерді қабылдауды тоқтатып қойған. Ақмола облысынан келген Ілияс Қараевтың 6 комбайны мен 2 тракторы тұрақта тұр. Ал қаңтар айында өткізген 2 автобусының ақшасын әлі алмапты.

«Қаңтар айында 5 мың техникаға квота бөлінген. Біз ауылдардан сатып алдық. Қазір соның бәрін тоқтатып тастады. Барлық нәрсені біз тегін алған жоқпыз», – деді шаруа Ілияс Қаратаев.

«Жасыл Даму ашылды. РОП-ті жапқанда шоттарында 20 млрд теңге болды. Сол ақшамен пайдаланып, жұмысты тоқтатпай істесек жақсы болар еді. Өзімде Қарағандыда 12 комбайн, 21 трактор тұр. Шынымен жағдайымыз нашар, несиеміз бар», – деді шаруа Абай Исаев.

Көлік тұрағына тұрған комбайн мен тракторға күніне 1000 теңге төлейді. Сәйкесінше 3 айдан бері әр адамнан 1 млн-ға жуық шығыс шыққан. Одан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында ауыл шаруашылығын техникаларын қабылдайтын бекет жоқ. Тек жеңіл көлікті ғана қабылдайды екен. Шет өңірден жеткен халық тракторларын Қарағандыдағы тұраққа апару үшін тағы шығынға батқанын айтады.

«Астраханка ауданынан Қарағандыға дейін 400 шақырым. Мен манипулятор апарам. Олар әр шақырымына 1000-1200 теңгеден алады. Енді соны есептеп көрсеңіздер, әр техникама 350 мың теңгеден шығын шығады», – деді шаруа Бейсенбай Исаев.

Шаруалардың сөзінше, елімізде ескі көліктерін өткізе алмай жүрген халықтың қарасы көп. Көпшілігі Оңтүстіктен. Ауыл тұрғындарының айтар шағымы көп, бірақ қалаға жете алмай отыр дейді. Көпшілік ескі көлікті қайта өңдеу туралы сертификат мерзімі жарамсыз болып қала ма деп қорқып отыр. Ал «Жасыл даму» акционерлік қоғамының бөлім басшысы Талғат Маханов шауарлардың бұлай алаңдауы заңдылық дейді. Ол мерзімі өтіп кеткен сертификаттардың уақыты ұзартылатынын жеткізді. Осы айдың аяғына дейін бұл мәселені түпкілікті шешілетінін айтты.

 «Қазір өңірлерде көтеріліп жатқан сертификат төлеу немесе сертификатты пайдалану мәселесіне байланысты бұл мәселе бізді де алаңдатып отыр. Бұл мәселенің туындауына оператор РОП-тың іс әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалуы себеп. Бұл мәселеде қазіргі кезде төлем жүргізуге немесе сертификаттарды ынталандыру кедергісін тигізіп отыр», – деді «Жасыл даму» АҚ бөлім басшысы Талғат Маханов.

Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, 327 адамға сертификат берілген. Оның басым бөлігі Шымкент қаласында екен. Ал шаруалар  бұл мәселе жақын арада шешілмесе, Президентке хат жазатыныт жеткізді.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы