Алдағы сот тыңдалымы 6 қазанға белгіленді
Қаңтар оқиғасына қатысты атышулы сот отырысы енді жабық өтетін болады. Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісін қарауды сот өткен аптада ғана бастаған еді. Бұған дейін жәбірленушілер мен куәгерлер істің жабық режимде қаралуын сұрап, судьяға өтініш білдірген болатын. Олар сотталушылар тарапынан өз өмірі мен отбасына қауіп төніп тұрғанын айтқан еді. Істі қарап жатқан судья Асхат Әшірбеков жәбірленушілердің өтінішін қарастырып, ары қарай істің жабық өтетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұдан бұлай сот процесі кезінде айтылған ақпарат сыртқа шықпайды және оған журналистердің қатысуына тыйым салынды. Сонымен қатар тыңдалымның екінші күнінде Қайрат Құдайбергеннің қорғаушысы оның кәмелет жасына толмаған 3 баласы бар екенін айтып, үйқамаққа ауыстыруын сұраған болатын. Судья оның өтінішін кері қайтарды.
– Сот отырысы барысында процеске қатысушылардан 100-ден аса өтініш келіп түсті. Олардың арасында сотталушыға қатысты бұлтартпау іс-шараларын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы өтініш хаттар бар. Сонымен қатар алдағы уақытта сот отырысының жабық түрде қаралуын сұрағандар болды. Бұл өтініш сот тарапынан қанағаттандырылды. Алдағы сот тыңдалымы 6 қазанға белгіленді, – деді мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Асхат Әшірбеков.
Еске салайық, қаңтар оқиғасын ұйымдастырды деген 45 күдікті бар. Олардың әрқайсысына жеке-жеке айып тағылған. Күдіктілерден қару-жарақ, оқ-дәрілер мен брондалған көлік тәркіленді. Сотталушы Арман Жұмагелдиев болса бұл айыптың біреуімен де келіспейтінін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тан әкелінген есірткіні сатқандар жазаға тартылды