Күдіктінің адвокаты қылмыс қаруында қаза тапқан жеткіншектің ДНК ізі жоқ екенін айтты
Нақты айғақ жоқ. Алматыда резонанс тудырған шулы іске бүгін нүкте қойылуы керек еді. Алайда прокурор төбелесте адам өлтірді деген жасөспірімге таққан айыбын кері қайтарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
18 жастағы күдіктінің адвокаты қылмыс қаруында қаза тапқан жеткіншектің ДНК ізі жоқ екенін және қорғауындағы баланың жазықсыз екенін дәлелдеуінің арқасында іс қайта тергелмек.
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексінің 321-бабының талаптарына сәйкес, бізде басты сот тергеуде анық-қанық жағдайлар болды. Жауапкершілікке қатысты сұрақ туындап жатыр, – деді прокурор Айбар Казезов.
– Басты сот талқылауын тоқтатып, қайтадан алдын ала сот тыңдау отырысына ауыстырылады, – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Болатов.
Еске сала кетейік, биыл қаңтарда жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болып, 17 жастағы Арсен Мәжитке қатарласын жазым қылды деген айып тағылған. Алайда күдіктінің жақындары мен адвокаты бала жазықсыз жаза арқалай ма деп алаңдаған еді. 1 жылға жуық созылған істе нақты дәлел де болмаған. Жасөспірімнің ата-анасы жаппай төбелесте неге баласының жалғыз айыпталғанын және достарының куәгер болып кеткенін түсінбей дал болған. Ал өткен отырыста, тіпті қылмысты жасаған басқа жігіт екені туралы аудиожазбаның бары да анықталды.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік әйел 6 баланы өрттен аман алып шықты