UFC-дің басты белбеуін алып, чемпион болуға дайынмын - Шавкат Рахмонов

26.12.2023 01:00

Оның келесі қарсыласы ұлыбританиялық Леон Эдвардс болуы мүмкін

Almaty.tv

«UFC-дің басты белбеуін алып, чемпион болуға дайынмын». Осылай деген әлемге танымал қазақстандық кәсіпқой спортшы Шавкат Рахмонов бүгін кезекті жеңісінен кейін арнайы баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол өзінің тартысқа толы жекпе-жегі туралы айтып, алдағы жоспарын айтты. Оның келесі қарсыласы 77 келі салмақ дәрежесіндегі ұлыбританиялық Леон Эдвардс болуы мүмкін. Тегі Ямайкадан шыққан 32 жастағы спортшы да осал емес. Шаршы алаңға 26 рет шығып, оның 23-ін жеңіспен аяқтаған. Ал жерлесіміз Шавкат Рахмоновта 18 жеңіс бар.

– Басты мақсатым 77 кг салмақта белбеуді алып, одан кейін 84 кг салмаққа ауысуға ойлануға болады. Сондықтан да қазір асықпау керек. Леон Эдвардс –мықты спортшы. Қазіргі таңда чемпион. Ол – стратег. Мені онымен жекпе-жекке шығарса, керемет жекпе-жек болады деп ойлаймын. Уақытынан бұрын жеңемін бе, жоқ па, айта алмаймын. Маған жеңіс маңызды, – деді  кәсіпқой спортшы Шавкат Рахмонов.

Айта кетейік, отандасымыз Шавкат Рахмонов 17 желтоқсанда Лас-Вегас қаласында өткен UFC жекпе-жегінде америкалық Стивен Томпсоннан басым түскен еді. Үш раундқа жоспарланған жекпе-жекте ол қылқындыру әдісімен уақытынан бұрын жеңіске жетті. Осылайша, Рахмонов кәсіби мансабындағы 18-қарсыласын тізе бүктірді. Спортшы үшін бұл ең ірі промоушендегі алтыншы жекпе-жек.

– UFC, шетелде болғаннан кейін Қазақстанда, Алматыда, Dar Team залдарында, Америкада жаттығу жасадық. Бұл – мүлде басқа деңгей. Бүкіл әлемнің чемпиондарымен бірге жұмыс істедік, – деді Dar pro team клубының директоры Бауыржан Өтәлиев.

Оқи отырыңыз: Шавкат Рахмонов туралы анимациялық видео шықты