Бишімбаев смартфонын тексеруге рұқсат бермеді

19.04.2024 01:50

Сот отырысында 3 күндік үзіліс жарияланды

Almaty.tv

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты атышулы сот отырысы күннен күнге шиеленісіп барады. Экс-министр бүгінгі сұралымда смартфонын тексеруге рұқсат бермеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қуандық Бишімбаев ұялы телефонындағы құпия сөзді айтуға үзілді-кесілді қарсы болды. Ішіндегі деректерді көріп, білгілеріңіз келсе, қорғаушысы көрсетіп беретінін жеткізді. Алайда сотталушының бұл жауабына судья келіспеді. Айжан Құлбаева сот отырысы аяқталып жатқанын еске салып, жақын арада тараптардың сөз таласы басталатынын атап өтті. Осы уақыт ішінде барлық құжаттарды дайындау керек екенін жеткізді.

– Сотталушы Бишімбаев, телефондағы деректердің тағылған айыпқа қатысты тұсы ғана зерттеледі. Басқа жеке әңгімеңіздің айыпқа қатысы жоқ. Отырыс кезінде бірнеше рет телефоныңыздың құпия сөзін беретініңізді, Салтанат екеуіңіздің әңгімеңізді бәрі көретінін, бұл қылмыстық құқықбұзушылықты жасамағаныңызды айттыңыз. Енді ұстанымыңызды өзгертіп, судьяға телефоныңыздағы деректерді көруге рұқсат бермей отырсыз, – деді судья Айжан Құлбаева.

Десе де, Бишімбаев жауабын өзгерткен жоқ. Әзірге телефонындағы жазбаларды көруге қорғаушысының ғана мүмкіндігі бар. Осы себепті де сот отырысында 3 күндік үзіліс жарияланды. Бүгінгі тыңдалымда Байжанов кеңес сұрап хабарласқан дәрігер Ерсұлтан Сәрсенбаев та сөз алды. Ол қайғылы оқиға болған күні көмекке бара алмағанын, артынша өлім аузында жатқан Салтанат Нүкенованы жедел жәрдемге көрсету керек деп айтқанын жеткізді. Өзі науқастың жағдайын көрмей, нақты диагноз қоя алмайтынын айтыпты. Бұдан соң Бақытжан Байжанов жеңгесінің оянбай жатқанын баяндап, «адам мас кезінде ұзақ ұйықтауы мүмкін бе?» деп сұраған. «Көп ішкенде қауіпті екенін ескерткенмін» деді куәгер.

– Бақытжан хабарласқанда, «Жеңеше масайып, ұйықтап қалды» деді. Қаншалықты ішкенін сұрап едім, «таңертеңге дейін» деді. «Мен нарколог емеспін, бірақ масайған кезде, ол да қауіпті, жедел жәрдем шақырыңдар» деп айттым. 1 сағаттан соң Бақытжанға қоңырау шалып, не болғанын сұрадым. Бақытжан әлі ұйықтап жатқанын айтты. «Бақытжан, оның жағдайы жақсы ма өзі? Төбелес болды ма?» деп сұрадым. Бақытжан «бір көзі қызарған, таңға дейін ішкен» деді. Мен жұмыстан шыға алмағандықтан, жедел жәрдем шақыру керек екенін айттым, – деді куәгер Ерсұлтан Сәрсенбаев.

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: сот отырысында дәрігер Ерсұлтан Сәрсенбаев куәлік етті