Белгілі болғандай, бұл отбасында бұған дейін де бір нәресте ауырып, қайтыс болған
Ақтөбеде маскүнем ата-анасының кесірінен көз жұмған сәбиге қатысты жағдай жіті тексеріліп жатыр. Жауапсыз әке-шешесі тіпті бауыр еті баласының мүрдесі салынған табытты жерлеуге де асықпаған. Оған қоса, екінші ұлын да қараусыз қалдырып, аштан өлтіре жаздаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төрт жасар Леша жаңа ортаға үйреніп келе жатыр. Мамандардың айтуынша, бала ұзақ уақыт бойы жабық кеңістікте жалғыз болғандықтан өзгелерден қорқып қалған. Өзге балалармен ойнамайды. Жалғыз отырғанды жаны қалайды. Құрдастарымен салыстырғанда дамуы әлдеқайда артта қалған баламен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал денсаулығы туралы мәлімет медициналық тексеруден кейін белгілі болады.
«Алексей Сергеевич Чинкин қазір «Аяла» балаларды қолдау орталығында. Оны 25 ақпанда инспекторлар әкелді, біз оны бірден тамақтандырдық, жуындырдық. Өзін жақсы сезінеді», – деді әлеуметтік педагог Гүлнәр Ысқақова
Келеңсіз жайт туралы алғаш көршілері білген. Олар еріктілерден көмек сұрап хабарласқан.
«Бұған дейін де бірнеше рет маскүнем ата-ананы құқығынан айырып, баланы арнайы орталық қамқорлығына алған екен. Ол жердің басшылары балаларды " өзім қараймын" деген соң, туған әкесіне беріпті. Егер сол кезде бүлдіршіндер орталықта қалса, қайғылы жағдай болмас пе еді?» – деді еріктілер.
«Бөлменің ортасында кішкене табыт тұр, үш адам отыр, жантүршігерлік жағдай. Олардың екеуінің қолы қан. Бұл жолы тағы да құзырлы орган өкілдерін шақырдық», – деді ерікті Екатерина Голотина.
Белгілі болғандай, бұл отбасында бұған дейін де бір нәресте ауырып, қайтыс болған. Үлкен ұлы қазір мүгедек балаларға арналған арнайы мекемеде екен. Екінші ұлы Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған интернатта тұрады. Соған қарағанда кішкентай Леша да өмірін балалар үйінде өткізуі мүмкін. Ал жауапсыз анаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе