Сот отырысына 4 жәбірленуші қатысты
Бүгін Алматыда адам өліміне себепші болған жантүршігерлік автобус апатына қатысты соттың бас талқылауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл былтыр қараша айында ірі жол-көлік апатына себеп болған № 98 автобустың жүргізушісі – Абдул-Хади Әбсадықов. Үш баланың әкесі өзіне үш қорғаушы алып, ісінің ақ екенін дәлелдемек. Олар бүгін бас сот талқылауы басталмай жатып, сотқа бірден талап-тілегін жаудырды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде құқығын толық қорғай алмағанын айтқан ол тиісті сараптамаларды қайта тағайындауды сұрады.
«Тергеудің обьективті түрде жүруіне, жан-жақты тексерілуіне ықпал ететін өтініш хаттардың ешқайсысы қанағаттандырусыз қалдырылды. Оның ішіндегі ең маңыздысы осы жол-көлік оқиғасы болған кезде, жол жүру ережелеріне байланысты кей нормалар назардан тыс қалды», – деді А. Әбсадықовтың қорғаушысы Нұрбол Батырбай.
Талап-тілекті мұқият тыңдаған сот төрешісі кеңесу бөлмесіне кіріп, үзілістен соң айыпталушының арызын қанағаттандырды. Енді алдағы уақытта сараптама қайта жасалатын болады. Прокурор 35 жастағы № 98 автобустың жүргізушісіне тағылған айыпты оқыды. Оған қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалған. Ол бағдаршамның жүруге тыйым салынған сары түсі жанғанына қарамастан жүйіткіп өтіп, жол ережесін өрескел бұзған. Салдарынан Мұхит Исаханов оқиға орнында тілге келместен жан тәсілім етті.
«Санды фототехникалық сараптаманың қорытындысына сай, Абылай хан көшесінде орналасқан тоқтау сызығын, бағдаршамның сары түсіне кірген, сосын бағдаршамның қызыл түсі жанғанын елемей, қиылыстан өтіп барып, Төле би көшесімен шығыс бағытта бағдаршамның рұқсат берілген жасыл түс белгісіне жүріп бара жатқан Абдуллаев Азатжан Садыржановичтың басқарауындағы № 201 бағыттағы қоғамдық автобус көлігімен абайсызда соқтығыс жасаған», – деді Алмалы аудандық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Қуаныш Қанапиянов.
Сот отырысына 4 жәбірленуші қатысты. Оның бірі - сол күні жұмысқа барайын деп жолға шыққан Еркен Оразайқызы. Ол автобустың оң бөлігінде отырғанын айтады. Оның айтуынша, соққының қатты болғаны соншалық, отырған жерінен құлап түскен.
«Мен әдеттегідей жұмысқа барайын деп жолға шықтым. Көңілімізде ешқандай күдік жоқ, жайбарақат келе жатыр едік. Оқиғаның барлық жәй-жапсары есімде қалмады. Тек бір қарағанымда бізге қарай № 201 қоғамдық көліктің келе жатқанын байқадым. Ол біздің автобусты соққан кезде, мен құлап түстім. Терезе әйнектері маған қарай шашыла бастады. Орнымнан біраз тұра алмай жаттым», – деді жәбірленуші Еркен Оразайқызы.
Еске сала кетейік, былтыр қараша айында Төле би мен Абылай хан даңғылы қиылысында 2 қоғамдық көлік соқтығысып, салдарынан бір адам қайтыс болған еді. 20-дан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Жол апатына №98 автобус жүргізушісі кінәлі деп танылған.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы