Күзет компаниясы құрылысшыға кілт берген тұрғындарды кінәлап отыр
Алматыдағы элиталы тұрғын үй кешендерінің бірінде жаға ұстатарлық жағдай болды. Үй жөндеуге келген жалдамалы жұмысшы 13 жастағы қызға зорлық әрекетін көрсеткен. Тұрғындар кешеннің қауіпсіздігіне шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бостандық ауданында орналасқан кешеннің тұрғындары дабыл қағып жатыр. Қаланың қақ ортасында орналасқан зәулім үйде 13 жастағы жеткіншекті құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшы алдап, көлік тұрағына апарған.
– Жедел жәрдем қызметкерлері, полиция келді. Біз ертеңінде естідік. Оқиға жеделсатыда болмаған, қызды көлік тұрағына апарған. Жұмысшылар ешқандай келісімсіз жұмыс жасап жатыр. Жалғыз жүруге қорқып қалдым, – деді тұрғын үй кешенінің тұрғыны.
Тұрғын үй кешенінде пәтерлердің көбі сатылып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Сондықтан аулада тұрғындардан жұмысшы көп. Сұмдық жағдайдан кейін үрейленген жұрттың бірі жалдамалы пәтер іздей бастаса, енді бірі балаларын аулаға жіберуден қалған.
– Немерем келіп, сұмдық жайтты айтып берді. Есеңгіреп қалдық. Немеремді сыртқа шығаруға қорқып отырмыз, – деді тұрғын үй кешенінің тұрғыны
Жантүршігерлік жағдайдан соң тұрғын үй кешенінің қауіпсіздігі жөнінде әкімшілігінен жауап алуға бардық. Алайда қызметкерлер тілшілерді табалдырығына да жолатпады.
Екі сағаттан соң аталмыш тұрғын үйдің бас менеджерінен мән-жайды сұрадық. Құрлыс компаниясы құрылысшыға кілт берген тұрғындарды кінәлап отыр.
Күдікті сол күні ұсталып, қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, сезікті анықталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық іс аясында басқа да мән-жайлар анықталып жатыр, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Үйге жауапты күзет компаниясының өкілі сол күні барлық қызметкерлер орынында болғанын айтты. Сұмдық оқиғадан кейін тұрғындармен кіру кілтін ұқыпты ұстап, бөтен жанға бермеуді түсіндірді.
Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тик-токта стрим арқылы банк шотына ақша аудартып отырғандар жазаланады