Тик-токта ойын ойнап, стрим арқылы банк шотына ақша аудартып отырғандар жазаланады. Бүгін мәжілісмендер ойын бизнесі, лотореялар туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – құлаққап киіп, мониторға телефон нөмірін жазып, қалауыңды орындайтын стримерлердің бірі. Қалаған көлік пен ұнаған нөмірге тапсырыс беру үшін экранда көрсетілген нөмірге ақша аударуың керек. Әлгі нөмірге сәт сайын 100 теңге мен мың теңгенің арасында ақша түсіп жатқанын байқауға болады.
– Тик-ток ойындарында карта ұйымдастырып, жеке банктік шотына телефон арқылы төлем алып жатқан азамат заң аясында жауап береді. Олардың қызметі заңсыз. Олардың қызметін тоқтатуға міндеттіміз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, кез келген сайтқа кірсең, бәс тігуді дәріптеп жатады. Енді, ойын бизнесі туралы заң қабылданса, олардың барлығы жойылады. Тек, құмар ойындар спорттық сайттарда, спорттық арналарда ғана жарнамаланады. Бәс тігу үшін жасыңыз 25-тен жоғары болу керек. Оның үстіне, қарызы барлар да құмар ойынға жіберілмейді. Ал бәс тігуді жарнамалаған танымал тұлғаға айыппұл салынады.
– Арнайы заңда норма бар. Ол норма бойынша Әкімшілік кодексте арнайы норма енгізіліп, 60 АЕК айыппұл салынатын болады. Сол себептен бұл – бірден тоқтау салынатын дүниелердің бірі. Спорттық іс-шараларда да блогерлердің букмекерлік кеңселерді жарнамалауға құқығы болмайды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар заң жобасы бойынша мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау және әскери қызметкерлерге бәс тігуге тыйым салынады. Осылайша шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектелмек
Депутаттың ақпаратынша, соңғы 2,5 жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы құмар ойындарына қатысы бар болып шыққан. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Бүгін бірінші оқылымда қабылданған заң жобасы, көпті қарыздың қамытына салған бәс тігуден арылтуға бағытталған.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Рахат ауылының тұрғындары жайылымның сатылып кеткеніне наразы